Приозерскідегі кәріз суы мәселесі: миллиардтық нысан 11 жылдан бері іске қосылмай тұр

ПРИОЗЕРСК. KAZINFORM — Қарағанды облысына қарасты Приозерск қаласында кәріз суы он жылдан астам уақыт бойы тазартылмай, ашық далаға төгіліп келеді. Ал осы мәселені шешуі тиіс болған тазарту станциясы 2014 жылы салынып біткенімен, әлі күнге дейін іске қосылған жоқ.

Приозерскідегі кәріз суын тазартатын станция
Фото: Бекзат Нұрмағанбетов

Қарағанды облысындағы Приозерск қаласында ағынды сулар жылдар бойы өңделмей, ашық далаға ағызылып келеді. Қаланың санитарлық жағдайына қауіп төндіріп отырған бұл мәселе бір күнде пайда болған жоқ. 2014 жылы кәріз суын тазартатын заманауи станцияның құрылысы басталғанымен, нысан осы күнге дейін толық іске қосылған емес. Жобаның жүзеге асуына мемлекеттен 2 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген.

Приозерскідегі кәріз суын тазартатын станция
Фото: Бекзат Нұрмағанбетов

Бастапқыда құрылыс үш жыл ішінде аяқталады деп жоспарланған. Алайда жобаның тағдыры бірнеше рет өзгеріске ұшырады. АҚШ долларының күрт қымбаттауы құрылыс материалдары мен жабдықтардың бағасын еселеп өсірді. Қажетті желілер шетелден уақытылы жеткізілмей, жұмыс тоқтап қалды. 2017 жылы жергілікті әкімдік мердігер компанияны сотқа беріп, келісімшартты бұзуға мәжбүр болды. 2018 жылы жоба қайта түзетіліп, жаңадан конкурс жарияланды. Бірақ жаңа мердігер де басталған істі аяқтай алмай, пандемия кезінде жұмысын тоқтатып кетті.

— Сол мердігер де міндеттемелерін орындамаған соң, келісімшарт бұзылып, бөлінген қаржы бюджетке қайтарылды. 2020 жылдан бері бұл нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілген жоқ. Алайда биыл жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, станцияны іске қосуға арналған жаңа жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, — деді Приозерск қаласы әкімінің орынбасары Темірхан Айдарханов.

Проблема с канализацией в Приозерске: миллиардный объект простаивает уже 11 лет
Фото: Бекзат Нұрмағанбетов

Мамандардың айтуынша, станция толық іске қосылған жағдайда, тәулігіне 8 мың текше метрге дейін кәріз суын тазартуға мүмкіндік бар. Нысанға Германия мен Беларусь елдерінен жеткізілген жоғары технологиялы жабдықтар орнатылған. Қондырғылардың тозу белгілері байқалмаған, жүйе толық жұмысқа жарамды. Судың тазарту процесі бірнеше кезеңнен тұрады — соңғы нәтижесінде оны бау-бақша, гүлзар мен көше жасыл желектерін суаруға қолдануға болады.

— Биогумусты қаланың көгалдандыру жұмыстарына, тіпті тұрғындардың бақшаларына да пайдалануға болады. Ал тазартылған су көше жасыл желегін суаруға жарамды, — дейді учаске басшысы Амантай Иманғалиев.

Проблема с канализацией в Приозерске: миллиардный объект простаивает уже 11 лет
Фото: Бекзат Нұрмағанбетов

Қазіргі таңда Приозерск қаласында шамамен 14 мың тұрғын бар. Қала бойынша күн сайын орта есеппен 6–7 мың текше метр кәріз суы жиналады. Жылдар бойы бұл қалдық су ескі әдіспен — ашық тоғанға төгіліп келеді. Егер тазарту станциясы жоспарға сай іске қосылса, экологиялық ахуал біршама жақсарып, тұрғындардың өмір сүру сапасына оң әсер етері анық.

Осыған дейін Қарағандыдағы кейбір құбырлар мен кәріз жүйесі 100 пайыз тозғанын хабарлаған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар