Приозерскідегі апатты жағдайға жауаптылар жазаға тартылады

Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев Приозерск қаласына жасаған жұмыс сапарының қорытындысы бойынша қалалық әкімдікте өткен кеңесте мәлім етті.
Апаттың себебін анықтау жөніндегі комиссияның жақын күндері өз жұмысын қорытындылайтынын атап көрсеткен Вице-премьер: «Бірақ қазірдің өзінде, бұл оқиғаға қазандық жабдықтарының әбден ескіруімен қоса, жылу маусымына жергілікті өкіметтің нашар әзірлігі себеп болғанын айта аламыз», -деді.
«Комиссияның қорытындысы шығарылғаннан кейін, облыстық және қалалық деңгейдегі жауапты лауазымды тұлғалар, оның ішінде Приозерскінің әкімі де бар, жазаға тартылатын болады», - деді Әсет Исекешев.
Кеңесте сонымен қатар, қабылданып жатқан шаралардың арқасында жылумен жабдықтау мәселесі оңалып келе жатқандығы, барлық әлеуметтік нысандарға және ішкі жылу жүйелері жөнделіп жатқан 6 көпқабатты үйден басқа, барлық тұрғын үйлерге жылу берілгендігі айтылды.