12:10, 29 Шілде 2012 | GMT +5
«Прогресс М-15М» Халықаралық ғарыштық стансасымен екінші әрекеттен соң ғана түйісті
АСТАНА. 29 шілде. ҚазАқпарат - «Прогресс М-15М» ғарыштық жүк кемесі Халықаралық ғарыштық стансасымен (ХҒС) жексенбі күні таңға жуық өз бетімен ұшқаннан кейін түйісті.

Оның барысында жақындату мен түйістірудің жаңа «Курс-НА» жүйесіне сынақ жасалды.
«Прогресс М-15М» жүк кемесі ХҒС-дан 23 шілдеге қараған түні ажыраған еді. Ал 24 шілдеде ол орбиталық кешеннің құрамына қайта кіруі тиіс болған, алайда оның ХҒС-мен түйісуі кезінде жақындату жүйесінде ақау пайда болып, түйістіру кейінге қалдырылды. Одан кейін бірнеше тәулік бойы Ұшуларды басқару орталығының мамандары жақындату және түйістіру жүйесіне сынақ жасап, одан кейін ғана «Прогресс» кемесін ХҒС құрамына қайтару туралы шешім қабылдаған.