Прокуратура: 6 жетісулықтың алимент бойынша қарызы 20 миллион теңгеден асып кеткен
АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу прокуратурасы алимент төлемеген борышкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Облыстық прокуратураның үйлестіруімен алимент бойынша борышкерлермен қылмыстық қудалауға дейін белсенді жұмыс жүргізілуде.
Қадағалау органы кейбір борышкердің әкімшілік жауапкершілік шараларына мүлде мән бермейтінін және бірнеше рет жауапкершілікке тартылғанына қарамастан, өз балаларын қамтамасыз ету үшін алимент төлеуден жалтарып жүргенін атап өтті.
— Мәселен, алты борышкердің үш жылдан астам уақыт бойы сот шешімін қасақана орындамау салдарынан өз балалары алдындағы қарыздарының жалпы сомасы 20 миллион теңгеден асып кеткен. Сол себепті прокурорлар оларға қатысты ҚР ҚК-нің 139-бабы бойынша балаларды және басқа да еңбекке жарамсыз отбасы мүшелерін асырауға қаражат төлеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту сынды қатаң шараларды қолдана бастады. Аталған тұлғалардың үшеуіне қатысты қылмыстық істер сотқа жолданылып, олардың бірі бойынша айыптау үкімі шығарылды және кінәлі адам сотталды. Қалғандары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, — делінген прокуратура хабарламасында.
Жалпы, жыл басынан бері прокурорлар 30-дан астам балаға сот шешімімен тиесілі қаражаттарын алуға көмектесіп, қадағалау актілері бойынша олардың пайдасына 50 миллион теңгеден астам қарызды өндіріп берді.
Облыс прокуроры Мадияр Басшыбаев алименттер бойынша сот актілерінің орындалуын бақылауды күшейту туралы ескертіп, балалардың құқықтарын қорғаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін Үкімет Мемлекеттік алимент қорын құру ұсынысын қолдамайтыны хабарланды.