Прокуратура Ақтөбедегі лагерь тәрбиешісінің қай бап бойынша айыпталып жатқанын айтты
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде балаларға тиісті деген күдікке іліккен «Ақбөбек Восток» лагерінің тәрбиешісі жұмыстан шығарылды. Ал прокуратура оған қатысты қай бап бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
25 шілде күні полицияға хабар келіп, тергеу басталған.
Лагерь басшысы Айболат Ташкеновтың айтуынша, тәлімгер жұмыстан шығарылған. Ал өзге тәлімгерлер әріптестерінің оғаш қылығын байқамаған.
«Оны тек жақсы адам ретінде танимын. Жақсы маман, білікті азамат. Нұр - Сұлтан қаласындағы «Шабыт» академиясында кино және театр актері мамандығы бойынша білім алып жүр. Телеарнада жұмыс істеді деп естідім», - деді тәлімгер Уәлихан Кенжебаев.
Айта кетейік, әзірге лагерь құрылтайшылары жан-жақты ақпарат таратпай отыр.
«Қылмыстық Кодекстің 124-бабы, яғни, «Жас балаларды азғындық жолға түсіру» бабымен іс қозғалды», - деді Ақтөбе қаласы Алматы аудандық прокуроры Жасұлан Дәулембаев.