Прокуратура Қаңтар оқиғасында полиция қызметкерлерінің қару қолдануына құқықтық баға берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаңтар оқиғасында полиция қаруды заңды түрде қолданды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Прокуратура Қаңтар оқиғасында полиция қызметкерлерінің қару қолдануына құқықтық баға берді

«5 қаңтарға қараған түні бірқатар өңірде митингілер ұйымдастырылды. Автожолдар мен темір жолдарды жапты, вокзалдар мен әуежайларды бұғаттады, мемлекеттік органдар ғимараттарын қоршады. Елді мекендердің инфрақұрылымы мен күнделікті тіршілігіне кедергі келтірілді. Яғни қарапайым қазақстандықтардың қоғамдық құқықтары бұзылды. Бір мезгілде Тараз, Ақтөбе, Атырау, Шымкент, Орал қалаларында мемлекеттік биліктің символы ретінде әкімдіктердің ғимараттарына шабуыл жасалды. Барлық жерде қызметкерлерге қарсы күш қолданылды, нәтижесінде көбісі ауыр жарақат алды. Ғимараттар, қызметтік автокөліктер, бейнебақылау камералары зақымданды. Қысқасы, бұны «бейбіт митинг» деп айтуға мүлдем келмейді», - деді министр.

Оның дерегінше, 5 қаңтар күні күндіз тәртіпсіздік кеңінен тарады. Олар Қызылорда, Өскемен, Семей, Қостанай, Талдықорған қалаларында жалғасты. Нәтижесінде Қызылорда қаласында сағат 15-30 минутта Ұлттық ұланның әскери қызметшісі М.Қайсаровты, сағат 16-00 минутта Талдықорғанда тағы бір әскери қызметші А.Амановты жаулап алған арнайы көлікпен қасақана соғу әреккеті орын алды. Олар мерт болды. Қызылордада сағат 16-15-те қару-жарақты иемдену мақсатында полиция бөлінісін қарумен басып алу әрекеті жасалды.

«Халықтың, сонымен қатар полиция қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қатердің алдын алу мақсатында қылмыскерлерге қарсы қару қолданылды. Қару қолдану «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңға сәйкес жүзеге асырылды. Ол үшін барлық негіз болды. Бұл – азаматтарды қылмыстық озбырлықтан қорғау. Бұл – қару иеленуге тырысушылардың жолын кесу. Бұл – қызметкерлерге, қызметтік және әскери кезекшіліктерге, күзетілетін нысандарға шабуылды тойтару. Егер полиция қызметкерлері Заңда көзделген кешенді іс-шараларды орындамағанда трагедия мұнан да ауқымды болар еді. Прокуратура құқықтық баға берді. Оларды қолдану заңды деп танылды», - деді Марат Ахметжанов.


Фото: Pavel Mikheyev/REUTERS