Прокуратура ҚАЖ жүйесіндегі заңдылықты қадағалау жұмыстарын күшейтті

АСТАНА. KAZINFORM — Прокуратура органдары қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде заңдылықтың сақталуын және адам құқықтарының қамтамасыз етілуін жүйелі түрде жалғастырады. Қадағалау қызметі аясында пенитенциарлық мекемелерді жаңғырту, сотталғандарды медицинамен қамтамасыз ету, оларды еңбек пен қамту және босатылғаннан кейін қайта әлеуметтендіру мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр. Бұл туралы құзырлы органның баспасөз қызметі мәлім етті.

Прокуратура ҚАЖ жүйесіндегі заңдылықты қадағалау жұмыстарын күшейтті
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Ведомствоның мәліметінше, соңғы екі жылда медициналық қамтамасыз ету саласында ҚАЖ мекемелері жанындағы медициналық бөлімдердің инфрақұрылымы жақсартылған. 54 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сондай-ақ Батыс Қазақстан және Жетісу облыстарында екі жаңа медициналық бөлім салынды.

Өңір әкімдіктерімен өзара іс-қимыл шеңберінде түзеу мекемелеріндегі тұрғын үй-жайларға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, ҚАЖ мекемелерінің аумағында 12 өндірістік ангар салу жобасы іске асырылып жатыр.

Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде сотталғандарды еңбекпен қамту деңгейі 50 пайыздан 70-ке дейін артты.

Қарағанды облысында Қылмыстық-атқару жүйесі комитетімен бірлескен жұмыс кезінде қауіпсіздігі барынша төмен мекемедегі сотталғандарды жұмыс берушінің аумағында тұрумен және толық қамтамасыз етумен еңбекке тарту бойынша пилоттық жоба іске асырылып жатыр.

Бүгінгі таңда «Qarmet» АҚ және «Железобетонный партнер» ЖШС-не жұмысқа орналастыру үшін 51 сотталған шығарылды. Алдағы уақытта жобаға қатысушылар санын 500 адамға дейін ұлғайту жоспарланған.

Қылмыстық-атқару қызметі процестерін автоматтандыру бойынша шаралар қабылдануда. Мекемелерге кеңейтілген функционалы бар заманауи терминалдар енгізілмек.

Жаңа жүйелер сотталғандарды сәйкестендіру үшін Face-ID технологиясын, сондай-ақ құжаттарға қол қою үшін TouchScreen технологиясын пайдалануға мүмкіндік береді.

— Аталған шешімдер өтініштерді, ізгілік актілерін қолдану туралы өтінішхаттарды, шағымдар мен арыздарды мемлекеттік органдарға, оның ішінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жолдау мүмкіндігін қамтамасыз етеді, — делінген хабарламада.

Терминалдарды сынақтан өткізу Ақмола және Алматы облыстарының мекемелерінде сәтті жүргізілген.

Әлеуметтік пайдалы байланыстарды нығайту мақсатында ҚАЖ 10 мекемесінде туыстарымен бейнебайланыс арқылы сөйлесуге мүмкіндік беретін бейнетелефондар енгізілді. Елдегі барлық мекемелерге 416 аппарат орнату жоспарда бар.

Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін жаңғырту, ұстау жағдайларын жақсарту және заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары жалғасатын болады. Қабылданып жатқан барлық шаралардың іске асырылу барысы Бас прокуратураның тұрақты бақылауында.

Айта кетейік, елде 2300-ден аса қазақстандық жазасын еңбекпен өтеп жүр.