Павлодар облысының агроөнеркәсіп кешені бойынша мемлекетке 500 млн теңге шығын келген - прокуратура
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысының прокуратурасы агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау саласында тексеру жүргізді.

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мақсатты көрсеткіштерінің орындалмай жатқаны анықталды.
Облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуды мемлекеттік реттеуде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар.
Кейбір жағдайларда осы салада жалған әл-ауқатты көрсету үшін ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу туралы есеп беру ақпараты бұрмаланады.
Іс жүзінде субсидиялау процесі тек формалды түрде өтінімерді қабылдап, бюджет қаражатын бөлуден тұрады.
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту саласындағы заңсыз әрекеттердің салдарынан мемлекетке келтірілген шығын шамамен 500 миллион теңгені құрады.
Мысалы, 2 ауылшаруашылығы тауарын өндіруші заңсыз баю үшін жалпы сомасы 132 млн теңгеге техника сатып алуға субсидия алып, кейіннен басқа мақсатқа жұмсаған.
Бюджет қаражатын ұрлаудың анықталған схемалары бойынша процестік шешім қабылдау үшін материалдар жинастырылып жатыр, облыс әкімдігіне заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыну енгізілді (қаралуда).
Осыған дейін Павлодар облысында рекордтық деңгейде астық жиналғанын жаздық.