05:34, 01 Маусым 2015 | GMT +5
Прокуратураның араласуымен жер пайдаланушылардан бюджетке 3,4 млн. астам теңге өндірілді - БҚО
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Сырым ауданы прокуратурасы жер телімдерін жеке меншікке сату төлемдерінің, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірісі шығындарының бюджетке уақтылы және толық түсуіне талдау жүргізген кезде заңбұзушылықтың орын алғандығын анықтады.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 2014 жылдың желтоқсанында жеке меншігіне 1,64 га жер телімін алған жер пайдаланушы оның құнын (1,368 млн. теңге) бір айлық мерзімде бюджетке төлемеген, сөйтіп ҚР Жер кодексінің 47-бабы 4-тармағын бұзған. Сонымен қатар аталмыш кодекстің 105-бабымен қарастырылған алты айлық мерзімді сақтамаған жер пайдаланушылар 3 675 881 теңге көлемінде ауыл шаруашылығы өндірісі шығындарын өтемеген.
Аудандық жер қатынастары бөліміне берілген аудан прокурорының ұсынысы бойынша жер пайдаланушылардан бюджетке 3 416 753 теңге өндірілді. Оған қоса аталмыш бөлім 1 627 128 теңгені мемлекет пайдасына өндіру туралы сотқа талапарыз берді.