Прокуратураның кеңейтілген алқа мәжілісінде табиғи монополия нысандарында заңдылықтың сақталу мәселелері қаралды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алқа мәжілісінде атап өтілгеніндей, облыста осындай 51 нысан болса, мұның негізгілері қатарына «Жайықжылуқуат» АҚ, «Батыс Қазақстан электр желісін тарату компаниясы» АҚ, «Орал су арнасы» МКК, «Ақсайжылуқуат» МКК және басқаларын жатқызуға болады. Мониторинг тұрғындарға қызмет көрсететін монополистер тарапынан заңбұзушылыққа жол берілетінін айғақтап отыр. Мәселен, биылғы қаңтарда «Ақжайықэнергосауда» ЖШС заңды тұлғаларға орындамаған жағдайда электр қуатынан айырып тастайтынын ескерте отырып, көпставкалы есеп құралдарын бір ай ішінде орнату жөнінде ережеге қайшы келетін ұйғарым жолдады. Облыс прокуратурасының араласуымен ұйғарым қайтарылып, 1060 тұтынушының құқығы қорғалды. Тұрғындарға қатысты осындай заңсыз іс-әрекет «ҚазТрансГазАймақ» АҚ облыстық филиалы тарапынан да кездесті.
Алқа мәжілісінде сондай-ақ медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын жасы ұлғайған жандар мен мүгедектер құқығы мәселесі де талқыланды. Бұл ретте қамқорланушылардың зейнетақысы мен жәрдемақысы орнымен жұмсалмайтыны анықталды. Атап айтқанда, қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі Орал медициналық-әлеуметтік мекемесінің бұрынғы директоры Е.Мұқанов 300 мүгедек үшін қажеттілігі жоқ түрлі тауарларды сатып алуға жүйелі түрде жол берген. Орал қаласы прокурорының ұйғарымына сәйкес ол орнынан босатылды. Осындай заңбұзушылық Круглоозерный психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінде де орын алды, мұнда да қамқорланушылар есебінен қоймада бар киімдердің алынуына жол берілген. Тексеру барысында барлығы 100-ден астам заңбұзушылық анықталып, 11 ұйғарым енгізілді, сөйтіп 800-ден астам азаматтың құқығы қорғалды.