Прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің құрылғанына 15 жыл толды

Шараға Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Асхат Дауылбаев, Жоғарғы Сот Төрағасы Бектас Бекназаров, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Төрағасы Рашид Түсіпбеков және Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов қатысты.
Бас Прокурор өзінің құттықтау сөзінде әр жылдары Комитет басшылығында болған Бұлытбай Мамытов, Зарлық Лақпаев, Әділхан Ағманов, Рахметолла Хайруллин, Георгий Ким, Марат Ахметжанов тәрізді тұтас бір білікті мамандар тобының жетекшілігімен елімізде әлемде баламасы жоқ бірегей құқықтық статистикалық жүйе құрылғанын, оны қазір біздің шетелдік әріптестеріміз жете зерделеп, өздерінде қолданып жатқанын атап өтті.
Комитеттің қысқаша тарихы мен жетістіктері туралы Комитет Төрайымы Сәуле Айтпаева сөз сөйледі. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары Комитет алдында тұрған жауапты міндеттерді орындау жолында одан әрі жетістіктер тілеген ыстық ықыластарымен жиналғандар алдында сөз сөйледі. Өз әріптестерін Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Төрағасының орынбасары, 2009-2012 жылдар аралығында Комитетті басқарған Марат Ахметжанов та құттықтады.
Бас Прокурордың және Комитет Төрайымының бұйрықтарымен еліміздің мемлекеттік құқықытық статистикасы жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан 50-ден аса қызметкері марапатталды. Мінсіз қызметтері және өз міндеттерін үлгілі атқарғандары үшін көптеген қызметкерлерге ведомстволық марапаттар табыс етілді.
Салатанатты шара Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің құрылу және даму тарихына арналған деректі фильм көрсетумен аяқталды.