Прокурор Атыраудағы бүтін бір отбасының өліміне себеп болған жанжалдың қашан, қалай басталғанын айтты

АТЫРАУ. KAZINFORM — Ата-енесі мен әйелінің бауырларын өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сарсемалиевтің қылмыс жасауына отбасындағы келіспеушілік себеп болған.

Сұлтан Сарсемалиев істі алқа билерге беруден бас тартты
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Мәселенің мәні тереңде жатыр. Сұлтан Сарсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиева 2016 жылы танысып, 20 мамырда заңды түрде үйленеді. Үйленгеннен кейін жас отбасы Сұлтан Сарсемалиевтің ата-анасымен бірге Махамбет ауданында тұрған. 2016,2018,2021,2022,2024 жылы туған балалары бар. Тергеу барысында 2022 жылы Ақбаян Мұқанғалиева үш баласын алып, Қызылқоға ауданындағы әке-шешесінің үйіне демалысқа кетіп қалған.

— Демалыста болған кезде Мұқанғалиеваның анасы Өтешқалиева Махамбет ауданындағы ата-енесінің қолында тұруға қарсы болып, қаладан жалға үй алып, жанұясымен бірге сонда тұруды талап еткен. Оны естіген Сарсемалиев өз ата-анасын тастап кетпейтінін айтып, қайын жұртының талаптарымен келіспеген. Осы жағдайдан кейін ерлі-зайыптының арасында келіспеушілік туындап, заңды түрде ажырасуға Махамбет аудандық сотына арызданған, — деді облыс прокуратурасының басқарма прокуроры Мирас Бауыржанов.

2022 жылдың тамызында Мұқанғалиева тағы бір қызды дүниеге әкеліп, сол кезден бастап ата-анасының уақытша жалға алып берген Атырау қаласындағы үйде тұрып бастаған. Сол жылдың қарашасында Махамбет аудандық сотының қаулысымен Ақбаян Мұқанғалиева мен Сұлтан Сарсемалиев заңды түрде ажырасқан. Сот шешімі бойынша балалар анасының қамқорлығында қалған. 2023 жылы қаңтарда Сарсемалиев жанұясымен бірге тұру туралы шешім қабылдаған. Әйелі мен балаларының қасына көшіп келген.

2024 жылдың сәуірінде Ақбаян Мұқанғалиева бесінші баласына жүкті болған. Тамызда Сұлтан пен Ақбаян 4 баласын ертіп, Қызылқоға ауданындағы ата-анасының үйіне демалысқа барған. Сол кезде Ақбаянның өкпесіне суық тиіп, ауыра бастаған. Дәрігерлер оған пневмоторакс диагнозын қойып, жүкті кезінде ота жасалған.

— Мұқанғалиеваның жүкті болуына байланысты ота өте ауыр жағдайда өткен. 20 күн есін жимай, кома жағдайында болған. Осы сәтте Қарабалин мен Өтешқалиева күйеубалалары Сарсемалиевті қалаға жіберген жағдайда балаларын өз ата-анасының үйіне алып кетеді деген оймен оны Мұқанғалиеваның қасына жібермей, ауылда болуын талап еткен. Осының салдарынан Сарсемалиевте қайын жұртына деген өшпенділік, реніш пайда болған, — ол деді сот отырысында

Осы жылдың қыркүйегінде Ақбаян Мұқанғалиева ауруханадан шыққанмен, денсаулығы нашарлап, психикалық ауытқулар пайда болған. 2024 жылдың желтоқсанында бесінші баласын дүниеге әкеледі. Перзентханадан шыққан уақытта Ақбаян мен балаларына күтім жасайтын ешкім болмай, Сұлтан оларды өз ата-анасының үйіне алып кеткен.

— Кейін олар қалада пәтер жалдап тұрған. Осы кезде күдікті Ақбаян Мұқанғалиеваның жағдайына байланысты балаларына күтім жасауға үлгермей, балаларын Махамбет ауданындағы ата-анасына жіберген кезде қайын жұртымен бірнеше мәрте келіспеушіліктер болған. Сарсемалиев жұбайының психологиялық жағдайы күннен күнге нашарлап жатқандықтан, 2025 жылдың ақпан айының 28-і мен наурыз айының 7-сі аралығында қайын ағасы Наурыз Мұқанғалиевпен бірге оны Ыстанбұл қаласына емге апарып келген. Алайда Мұқанғалиеваның жағдайы жақсармаған, — деді Мирас Бауыржанов.

2025 жылы 7 наурызда елге оралған Ақбаян мен Сұлтан Махамбет ауданына, ал Наурыз Мұқанғалиев Қызылқоға ауданындағы үйіне кеткен.

28 наурызда Сұлтан мен Ақбаянның бір ұлының өкпесі қабынып, Сұлтан баласымен бірге облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқан.

3 сәуірде екеуі ауруханадан шығып, Махамбет ауданындағы үйіне барған. Осылайша Сарсемалиев ата-анасымен бірге тұра бастаған.

— Мұны естіген Наурыз Мұқанғалиев Сұлтанға хабарласып, қарындасы мен балаларды қандай да себеппен ауылға өз ата-анасының үйіне алып кетіп, сонда тұрып жатқаны жөнінде мәселе қозғаған. Өз кезегінде Сарсемалиев Наурыз Мұқанғалиевке қалада тұрған уақытта балаларды және Мұқанғалиеваға жалғыз өзі күтім көрсете алмайтындығын айтқан. Осыдан кейін араларында келіспеушілік басталып, шешімін таппаған, — деді прокурор.

14 мамырда Сұлтан Сарсемалиев пен Наурыз Мұқанғалиев теміржол вокзалында кездескен. Сұлтан Наурызға ауылға толыққанды көшіп кетпегенін, жанұясының жеке заттары мен киім-кешектері уақытша жалдаған үйінде тұрғандығын, алдағы уақытта қайта көшіп келетінін айтқан. Соған Наурыздың айтқандарына көзін жеткізу үшін, жалдаған үйіне барып, көру туралы ұсыныс білдірген.

— Үйге жеткен Мұқанғалиев пен Сарсемалиев қонақ бөлмеде отырып, араларындағы келіспеушілікті талқылаған. Арты төбелеске ұласқан. Өз кезегінде физикалық тұрғыдан Наурыз Мұқанғалиевтен әлсіз екенін, оған тиісті дәрежеде қарсылық көрсете алмайтынын түсінген Сарсемалиев қасақана оны қазаға ұшырату үшін асхана бөлмесіне дейін артқа шегініп барған. Кейін асханадағы пышақты алып, Наурыз Мұқанғалиевтың сол және оң жақ кеудесінен, ішінен соққы жасаған, — деді прокурор.

Осы жағдайдан кейін Наурыз Мұқанғалиев тілге келместен көз жұмған. Қылмысты жасыру үшін күдікті қараңғы түскенін күтіп, жалға алған үйдің оңтүстік бағытында орналасқан қабырғасының іргесінен 60 см қашықтықта орналасқан жерді қазған. Тереңдігі 1 метр, ені 80 см болатын шұңқырды дайындаған.

— Мұқанғалиевтің қалтасынан жеке куәлігін, Қазпошта банкомат картасын, құны 50 мың теңге болатын телефонын, 3 мың теңгесін алған. Кейін оның мүрдесін кілемге орап, денесін сүйреп апарып, оны таңғы беске дейін көмген, — деді прокурор.

Кейін кілем мен пышақты өртеп жіберген. 15 мамыр күндіз Түркия еліне барғанда банктік қосымшасын пайдалану кезінде құпия сөзін біліп алып, 1 млн 698 мың, 19 мамырда 150 мың, 21 мамырда 2 млн теңгеден асатын тауарлық несиелерді рәсімдеп, бірнеше жеке кәсіпкерлік субъектісі арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып, Наурыз Мұқанғалиевқа 4 млн 48 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген. Сондай-ақ, марқұмның мүгедектігіне байланысты берілетін зейнетақыны да желтоқсан айына дейін алып келген.

Бұдан бөлек Наурыздың телефонындағы What’s App қосымшасы арқылы Нәсіп Өтешқалиевадан 350 мың теңге сұраған. Ақшаны Қызылқоға мен Атырау қаласында такси қызметін көрсететін азамат арқылы алған. Такси жүргізушісі қалаға келгеннен кейін ақшаны терминал арқылы Наурыз Мұқанғалиевтың нөміріне салып жіберген.

Еске салсақ, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңына белгісіз жағдайда жоғалып кеткен еді.

6 қаңтарда Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасының екі мүшесінің — отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі сарайдан табылды.

Кейін олардың денелерінде пышақ іздері бары белгілі болды.

9 қаңтарда Атырау облысында отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген марқұмдардың күйеубаласы Сұлтан Сарсемалиев екені ресми түрде белгілі болды.

Ақпан айының басында күдіктінің 5 баласы мемлекет қамқорлығына алынды.

Қанды қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікке сол үйдің қызы да ілінді.

Кейін екі күдіктінің шетелде қалай ұсталғаны жөнінде видео жарияланды.

Бірнеше күннен кейін олар Атырау қаласына жеткізілді. 

Кейін полиция Атырау облысы Жангелдин ауылында бүтін бір отбасыны өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сарсемалиевті ата-енесін өлтірген үйге апарды. Ол тергеушілерге қылмысты қалай жасағанын көрсетіп, сұрақтарға жауап берген.

Сот медициналық сараптамасында және тергеу барысында анықталған дәлелдерге сәйкес Наурыз Мұқанғалиевтің 2025 жылдың мамыр айында қайтыс болғаны анықталды. Ал қалған үшеуі қараша айында көз жұмған.

Бұдан бұрын Сұлтан Сарсемалиевтің қайын атасы мен енесін қалай өлтіргені белгілі болды

Сонымен қатар, Сарсемалиев сот отырысында істі алқа билердің қарауынан бас тартты.

Негізгі сот отырысы 28 мамыр 10:00–де өтеді.

Айта кетейік, бүгін алдын ала сот отырысы өтіп, прокурор күдіктінің қылмысты қалай жасағанын айтты.