Прокурор талаптарын орындамаған: Ақмола облысында әкімнің орынбасары жауапқа тартылды

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмола облысында әкімнің орынбасары прокурордың талаптарын орындамағаны үшін әкімшілік жазаға тартылды.

Жауапқа тартылды
Фото: Kazinform

Ақмола облысы прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Қосшы қаласының прокуратурасымен бюджеттік заңнаманы бұзу бойынша прокурордың ұсынуына уақтылы жауап бермегені және прокурорды, оның қаралатын уақыты мен орны туралы хабарламағаны үшін әкімнің орынбасары жазаға тартылған.

«Оған ҚР Әкімшілік кодекстің екі бабы (ӘҚБтК-нің 664 және 666-баптары) бойынша 370 000 теңгеден астам сомаға айыппұл салынды», - деді ведомстводан.

«Прокуратура туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкес прокурорлық қадағалау және ден қою актілері олар жіберілген органдардың, ұйымдардың және лауазымды адамдардың қарауы, орындауы үшін міндетті.

Лауазымды тұлғаның прокурордың ұсынуын қараусыз қалдыруы не онда көрсетілген заң бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдамауы, сонымен қатар уақтылы жауап бермеуі (ӘҚБтК-нің 664-бабы), 8 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жазаға әкеп соғады. 

Сондай-ақ прокурордың қарау нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы хабарламауы немесе уақтылы хабарламауы (ӘҚБтК-нің 666-бабы) 200 АЕК-ке дейін мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жазаға әкеп соғады. 

Егер прокурорлық қадағалау актілерін орындамау азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеп соқса, онда бұл Қылмыстық кодекстің 381-бабы бойынша қудаланады.

Айта кетсек, бұдын бұрын Зеренді ауданы әкімінің орынбасары 15 тәулікке қамалғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар