Прокурорлар балалар үйлерін түнгі уақыттарда сырттай бақылауға көшті

АСТАНА. KAZINFORM – Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында ҚР Бас Прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев прокуратураның қоғаммен байланысын жақсарту бағытында қандай оң қадамдар жасалғанын айтты.

Бас прокуратура
Фото: Бас прокуратура

– Бұрынғы кезеңдерде құқық қорғау және прокуратура органдарының қызметі көбіне қатаң қылмыстық қудалаумен байланыстырылып, халық арасында алаңдаушылық туғызуы мүмкін еді. Алайда бүгінгі таңда прокуратура мүлде жаңа сипатқа ие. Қазір бұл орган – азаматтардың құқықтарын қорғауға, әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған сенімді құрылым, – деді Жандос Өмірәлиев.

Оның айтуынша, прокуратура органдары қылмыс пен құқық бұзушылыққа тосқауыл қою бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.

– Осыған байланысты біз азаматтармен байланысты барынша нығайтуға тырысамыз. Бұл үшін бірнеше тетік қарастырылған. Біріншіден, бес жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан азаматтарды қабылдау орталығы бар. Мұндай орталықтар Бас прокуратурада және барлық өңірлерде жұмыс істейді. Олар тұрғындарға құқықтық көмек көрсетеді. Екіншіден, IT-технологияларды дамытып жатырмыз. Қазіргі таңда прокуратураның Сall-center және әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары бар. Осы арналар арқылы кез келген азамат тікелей Бас Прокурордың атына өтініш жолдай алады, – деді Жандос Өмірәлиев.

Ол қазіргі кезде прокурорлар қоғамдағы мәселелерді өз бетімен зерттеуге ерекше көңіл бөліп отырғанын жеткізді.

– Ірі кәсіпорындарға барып, ондағы жұмысшылармен кездесеміз. Жалақының уақытылы төленуі, еңбек қауіпсіздігі жағдайын қарастырамыз. Қарттар үйлері мен балалар мекемелеріне де барамыз. Балалар үйлеріне кейде кешкі немесе түнгі уақытта сырттай бақылау жүргіземіз. Бұл ретте жеткіншектердің құқықтарының қаншалықты қорғалып жатқанын назарда ұстаймыз. Сондықтан шағымды күтпестен, қоғамға өзіміз шығып, азаматтардың мұң-мұқтажына назар аударып келеміз, – деді Бас Прокурордың орынбасары.

Осыған дейін Бас прокуратура активтерді қайтару заңы күшіне енгеннен бері қанша ақша сыртқа шығарылғаны туралы айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар