Прокурорлар Мұхтар Әбілязовты 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
«Мұхтар Әбілязовті кінәлі деп танып, мүлкін кәмпескелеумен, 300 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлды төлеумен қатар 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесуді сұраймын, жазасын барынша қауіпсіз жағдайда өтесін. Оның банк ұйымдарында кәсіби қызметпен айналысуына үш жылға дейін тыйым салынсын. Жақсылық Жарымбетовті кінәлі деп танып, банкі ұйымдарында кәсіби қызмет етуіне үш жылға дейін тыйым салумен қатар 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын. ҚР Қылмыстық кодексінің 63 бабының негізінде жазасын үш жылға дейін сынақ мерзімімен шартты түрде өтеу ұсынылады. Қайрат Садықовты кінәлі деп танып, 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленсін. Сондай-ақ, мүлкі кәмпескеленіп, 300 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлды төлеумен қоса банкілік ұйымдарда кәсіби қызметпен айналысуына үш жылға дейін тыйым салынсын. Жазасын еңбекпен түзету жүйесінің органдарында өтесін»,- деді соттағы сөзінде Еркін Баймағамбетов.
Мемлекеттік айыптаушы соттан Сәдуақас Мәмешті 5 жылға абақтыға қамауды сұрады. Жазасын үш жылға дейін сынақ мерзімімен шартты түрде өтеу ұсынылды. Айта кетерлігі, сот отырысының басында БТА банк басқарма төрағасының бірінші орынбасары-несие комитетінің төрағасы Жақсылық Жарымбетов өз кінәсін толық мойындаған болатын. Тараптардың сөз сайысының алдында БТА банктің бұрынғы басқарма төрағасы Сәдуақас Мәмәш те істеген қылмысына өкінетінін және өз кінәсін толықтай мойындайтынын мәлімдеді. Прокурорлардың Жарымбетов пен Мәмешке шартты түрде жазаны сұрауына олардың өз кінәсін толықтай мойындауы себеп болғанға ұқсайды.
«Жәбірленуші тараптің өкілінің азаматтық шағымы толықтай қанағаттандырылсын және Банкке келтірілген шығын сотталушылардан бірдей көлемде өндіріліп алынсын»,-деп сөзін түйіндеді прокурор.
Тараптардың сөз сайысында мемлекеттік айыптаушылар үш күн бойы сөз сөйледі. Өйткені, олар сот отырысында қылмыстық істің барлық эпизодтарына егжей-тегжейлі тоқталып, сотталушылардың жасалған қылмыстарға тікелей қатысы барына дәйектер келтірді.
Ең алдымен, Еркін Баймағамбетов БТА банктегі алаяқтықпен «ақша толтыру» туралы әңгімеледі. Оның айтуына қарағанда, М. Әбілязов ақша ұрламай тұрып, БТА банкке халықаралық қаржы институттарының қарызы және халықтың салымдары есебінен мол қаражат тартуы тиіс болған. Шетелдік инвесторлар мен несие берушілерден ақша алу үшін ол БТА банкте акционерлері салған біршама қаржы барын көрсетуді көздейді. Басқаша сөзбен айтқанда, аса ірі сомадағы инвестицияларға қол жеткізу банктің жарғылық капиталының көлеміне тәуелді болған. Банктің қаражаты қаншалық көп болса, соғұрлым ол шетелдік қаржы ұйымдарынан молырақ ақша алатынын білген.
Мұхтар Әбілязовтің қылмыстық кестесін прокурорлар қаржы пирамидасымен салыстырды. Әдетте мұндай қаржы пирамидаларының басты мақсаты - ақша табу мүмкіндігі аз болған жағдайдың өзінде ірі көлемде табыс табу үшін басқа тұлғаларға жалған тартымдылық жасау болып табылады.