Протез жасауды зергерлік өнерге теңер едім - Болатхан Айтқазыұлы

Болатхан Айтқазыұлы
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Протезист – ерекше кәсіп түрі. Ол зор шыдамдылықты, төзімділікті, жауапкершілікті талап етеді. Ал елімізде бұл мамандыққа оқытатын оқу орны жоқ. Сол себепті де болар, осы кәсіпті меңгерген мамандар саусақпен санарлықтай. Солардың бірі – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарайтын Алматыдағы әлеуметтік қорғау саласын дамыту Ұлттық ғылыми орталағының протезист маманы Болатхан Айтқазыұлы.

протез
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

Мамандығыңыз протезист пе?

— Жоқ. Өкінішке қарай, Қазақстанда протезист дайындайтын жоғары оқу орны да, колледж де жоқ. Сондықтан мұны мамандық емес, кәсіп дегеніміз дұрыс болар. Бұл кәсіпке 25 жылдай бұрын келдім. Германия мен Ресей мамандарынан дәріс алдым. Бір рет Голландияға барып, тағлымдамадан өтіп келдім. Сондай-ақ Ресейге барып айлық курс оқып келіп, протез жасап жүрміз. Кейін келген жастарға, өзіміз білгенімізді үйретеміз. Ең бастысы ынтасы болса болғаны.

Жиырма жылдан аса уақытта қанша мүгедектігі бар адамның өмір сүру сапасын жақсартуға көмектестіңіз?

— Иә, протезист саласының нанын жеп жүргеніме ширек ғасырға жақындап қалыпты. Жылына 300 адамға протез аяқ жасаймын. Өмірдің түрлі өткелдерінен өтіп, тағдырдан талай теперіш көріп келе жатқан, қиындыққа қасқайып қарсы тұра білетін адамдарға кішкентай болса да, көмегім тиіп жатса мен үшін бұл – зор бақыт.

протез
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform
протез
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

Протезист пен ортотист айырмашылығы неде?

— Протезшілер аяқ-қолы жетіспейтін науқастар үшін жасанды алмастырғыштар жасайды және орнатады, ал ортопедтер нервтердің, бұлшықеттердің және сүйектердегі ақауларды немесе деформацияларды бірқатар көмекші құралмен түзетеді. Біздің орталықта тек аяқ жасаймыз.

— Бұл өмірде неше түрлі адам бар, алдыңызға келген жандардың көңілін қалай табасыз?

​— Дұрыс айтасыз, адамдардың мінезі әртүрлі болады. Кейбірі сенімен әңгімелескенді жақсы көреді. Ондайда өзің де жеңілдеп, рахаттанып қаласың. Ал кейбіреулері бала секілді, жоққа ренжиді. Аяғынан айырылған адамдар ашушаң болады. Олармен тіл табысу үшін алдымен өзің психолог болуың керек. Біз алдымен осы тарапта ізденеміз десем артық айтқандық емес.

Бұл кәсіп ең бастысы нені талап етеді?

— Протезист – ерекше кәсіп түрі. Әрине, ол зор шыдамдылықты, төзімділікті, жауапкершілікті талап етеді, бірақ өте эффективті. Мен протезшінің жұмысын зергерлік өнерге теңер едім. Өйткені, жасанды аяқты ыңғайлы ету үшін де шеберлік пен ептілік қажет. Әлбетте, науқас денені ұстай білуді үйренуі тиіс, себебі протез өз аяғымыз емес. Әлеуметтік желіге жүктеген видеоларда протезбен жүрген оңай көрінгенімен, оны шындап келгенде еңсеру қиын. Әр аттаған қадамы оңайға түспейді. Бірақ, бірден салы суға кетпей, жаттығатын болса, өзін он екі мүшесі сау адамдай сезінетін болады.

протез
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

— Бір протез аяқ жасауға қанша уақыт кетеді?

— Енді ол күрделілігіне байланысты болады. Бес күннен он күнге дейін. Оны жасау технологиясы тез болуы мүмкін, бірақ пациентті жүргізіп үйрету көп уақытты алады.

Аяқ протезінің неше түрі бар?

— Протездің түрі көп. Ампутация жасалуына байланысты да болады. Тізеден төмен, жоғары, жамбастан, тобықтан төмен.

Алдыңызға әртүрлі жағдайда аяғынан айрлыған пациенттер келеді, жүрегіңізге салмақ түспей ме?

— Осы уақыт ішінде неше түрлі оқиғаны бастан кешіргендерді көрдім. Жасы да, кәрісі де бар. Аяғынан бірі өндірісте, бірі тұрмыстық жағдайда енді бірі жол апатынан айырылған. Баяғыда осы жерге Шымкенттегі интернат үйінен аяқ-қолы кем туған балалар келді. Сол кезде жүрегімнің ауырғаны рас. Орталығымыздың алдында мүгедек арбасымен футбол ойнап жүргенде көзіме жас алғаным бар. Қазір олардың бәрі өсіп, үлкен жігіт-қыз болып кетті.

Өмірден баз кешіп кеткен адамдарға берер кеңесіңіз?

— Өмір сүруге бәрінің хақы бар. Аяқтан айрылдым деп еңсені төмен түсіруге болмайды. Бұрын протез жоқ кезде, адамдар ағаш пен киізді пайдаланып жүрді. Қазір технология дамыған, мүмкіндік көп. Үкімет тарапынан да көмек көрсетіліп жатыр. Шетелге бармай-ақ, протезді өз елімізде тегін жасатуға болады.

Сұхбатыңызға рахмет.

протез
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар