Пшон атты иттің мүсіні Жайық жағасындағы кафе алдында тұр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атыраулық арт-шебер Азамат Кенжеғалиев былтырғы су тасқыны кезінде қап тасыған Пшон атты иттің мүсінін жасаған еді. Кеше иттің мүсіні Жайық өзенінің жағалауындағы кафе алдына қойылды.

Арт-мүсіннің авторы Азамат Кенжеғалиев Индер ауданында тұрады. Мамандығы мүсінші емес. Бірақ ағаштан, темірден бірнеше мүсін жасаған. Автордың туындыларының бірі – су тасқыны кезінде қап тасыған Пшон аталатын иттің мүсіні. Оны бір айда жасаған.
– Былтырғы су тасқыны кезінде елдің бірлігіне, ұйымшылдығына куә болдық. Өзім де ерікті ретінде Жайық өзенінің жағалауына бөгет салуға қатыстым. Сол кезде Пшон аталатын иттің қап тасып жүргенін көрдік. Көпшілік әлеуметтік желіде жағымды пікір қалдырды. Алайда былтырғы қарашада Пшонды атып кеткенін естідік. Содан соң оның мүсінін жасауға бекіндім, - дейді Азамат Кенжеғалиев.
Оның айтуынша, иттің мүсіні жасауға кәдімгі қара темірді қолданған. Мүсінді жүрек түріндегі темір бөлшектерінен құрастырған.

– Әлеуметтік желі қолданушылары ұнаған жазбаға, не суретке лүпіл басады. Дәл осы лүпілді Пшонның мүсініне қолдандым. Мүсінді көлік сырымен сырладым. Оны Жайық өзенінің Атырау қаласындағы жағалауына қоюды ұсынып, әкімдікке хабарласқан едім. Әкімдіктен қолдау болмады, -дейді Азамат Кенжеғалиев.
Кеше Пшонның мүсіні Атырау қаласындағы Ailaq Coffee кафесінің алдына қойылды. Бұл кафе Жайық өзенінің жағалауында орналасқан.
– Пшонның мүсінін Сарытоғай ауылында тұратын иесі сатып алғысы келетінін айтты. Кейін Ailaq Coffee кафесінің иесі хабарласып, мүсінді қоюға ұсыныс жасады. Мүсінді күтіп ұстауға уәде берді. Ол мүсін үшін ақша ұсынған еді. Бірақ ақшасын алмадым. Маған өзім жасаған туындының бос жатпағаны қажет, - дейді мүсін авторы.
Ал Атырау қаласы әкімінің баспасөз қызметі Азамат Кенжеғалиевке мүсінді қою үшін бірнеше орын ұсынылғанын хабарлады.

– Облыстық және қалалық әкімдік тарапынан мүсінді қоюға арналған бірнеше жер ұсынылды. Алайда мүсін иесі өз таңдауын жасады. Мүсін әкімдіктің иелігінде болмағаннан соң нақты қоятын жерін бекіте алмаймыз, - деп мәлім әкімдіктің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Зәмзагүл Жаңабаева күшік кезінен асыраған иті – Пшон қабаған емесін айтқан еді.
Кейін Пшон атты иттің мүсіні жасалып жатқанын хабарлаған едік.