Психикалық бұзылыс себебімен мүгедек санатына жатқызылған бала саны неге көбейді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда психикалық бұзылыстарға байланысты алғаш рет мүгедектік белгіленген балалар саны бір жылда 38,5 пайызға өскен. Бұл балалар арасында даму бұзылыстарының жиілегенін білдіре ме, әлде оларды анықтау мүмкіндігі жақсарды ма? 20 қараша – Дүниежүзілік балалар күніне орай Kazinform тілшісі мәселенің медициналық және әлеуметтік қырларын саралап көрді.

аутизм
Коллаж: Kazinform / ЖИ

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл 1 қазандағы жағдай бойынша елімізде мүгедектігі бар 124,6 мың бала есепте тұр. Жылдың тоғыз айында 12 416 балаға алғаш рет мүгедектік белгіленген. Былтыр осы кезеңде олардың саны 11 593 болған.

Бір жылда балалар арасындағы алғашқы мүгедектіктің себептері де өзгерген. Туа біткен аномалиялардың үлесі 22,3 пайыздан 17,4 пайызға, жүйке жүйесі ауруларының үлесі 17,2 пайыздан 14,5 пайызға төмендеген. Ал психикалық бұзылыстардың үлесі 32,9 пайыздан 42,6 пайызға дейін, яғни 9,7 пайыздық тармаққа артқан.

Былтыр тоғыз айда психикалық бұзылыстарға байланысты 3 819 балаға алғаш рет мүгедектік белгіленсе, биыл олардың саны 5 290-ға жеткен.

балалар мүгедектігі
Инфографика: Kazinform / ЖИ

Бұл өсім биыл ғана байқалып отырған жоқ. Министрліктің бұған дейін жариялаған дерегіне сүйенсек, психикалық бұзылыстарға байланысты алғаш рет мүгедектік белгіленген балалар саны 2021 жылы 2,2 мың, 2022 жылы 2,8 мың, 2023 жылы 3,6 мың, 2024 жылы 4,4 мың, 2025 жылы 5,5 мың болған. Байқағанымыздай, бес жылда көрсеткіш 2,5 есе өскен.

Дегенмен, бұл статистика балалар арасында психикалық бұзылыстардың таралуы да дәл осындай қарқынмен артқанын білдірмейді. Өйткені дамуындағы бұзылыстар бұрыннан болғанымен, мүгедектік мәртебесі кейін рәсімделген балалар да болады. Ендеше, көрсеткіштің өсуіне қандай жағдайлар әсер етіп отыр?

Психикалық бұзылыстар неге жиі анықталып жатыр

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас балалар психиатры, жоғары санатты дәрігер Марина Вихновскаяның айтуынша, психикалық бұзылыстарға байланысты мүгедектік белгіленетін балалардың арасында аутизмі бар және зияткерлік дамуында бұзылыстары бар балалар басым.

Психиатр өсімнің бірнеше себебін атады. Біріншісі – аутизмі бар балалар санының көбеюі, екіншісі – диагностиканың жақсаруы. Қазір педиатрлар, жалпы практика дәрігерлері, психологтер мен әлеуметтік қызметкерлер аутизм белгілерін танып, балаларды бейінді мамандарға жібере бастады.

Марина Вихновская
Фото: Марина Вихновскаяның жеке мұрағатынан

– Бұрын дәрігерлер баланың дамуындағы ерекшеліктер уақыт өте келе түзелетінін айтып, үш-төрт жасқа дейін күтуге кеңес беретін. Қазір мамандар мұндай белгілерге тез назар аударады. Аутизмге күдік туындаса, баланы психиатрға, неврологке немесе психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияға жібереді, – дейді Марина Вихновская.

Маман өсімнің тағы бір себебін ата-аналардың психиатрға жиі жүгіне бастауымен байланыстырады. Диагноз қойылғаннан кейін баласына әлеуметтік қолдау алу үшін мүгедектік рәсімдеуге келісетін ата-аналар да көбейген.

Мұндай өзгерісті ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін мамандар да байқап отыр.

Қазақстан халық кеңесінің мүшесі, «Мир равных возможностей» қоғамдық қорының жетекшісі, Қазақстан бочча федерациясының бас хатшысы Нұргүл Ұлжекова 2016 жылдан бері осындай балалармен және олардың отбасыларымен жұмыс істеп келеді. Оның айтуынша, соңғы жылдары қорға көмек сұрап келетін отбасылар көбейген. Олардың арасында аутизм спектрінің бұзылыстары бар балалар жиі кездеседі.

Нұргүл Ұлжекова
Фото: Нұргүл Ұлжекованың жеке мұрағатынан

– Бұрын ата-аналардың басым бөлігі баланың физикалық жағдайына, қозғалыс мүмкіндіктеріне көбірек назар аударса, қазір әлеуметтік коммуникация, қарым-қатынас жасау, мінез-құлықты реттеу, сенсорлық ерекшеліктер мен өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларына қатысты сұрақтар жиілеп отыр, – дейді қор жетекшісі.

«Өзі сөйлеп кетеді»: ата-аналар маманға неге кеш жүгінеді

Қазір баланың дамуындағы бұзылыстарды ерте анықтауға мүмкіндік көп. Соған қарамастан баласын маманға кеш көрсететін отбасылар кездеседі.

– Кейде баланың бойында белгілі бір даму ерекшеліктері байқалғанымен, ата-анасы бірнеше жыл бойы «өзі сөйлеп кетеді», «қатарластарын қуып жетеді» деп күтеді. Ал осы уақыт ішінде баланың қажетті дағдыларын қалыптастыруға болатын өте маңызды даму кезеңі өтіп кетуі мүмкін, – дейді Нұргүл Ұлжекова.

Оның айтуынша, ата-аналар баласының жасына сай қалай дамуы керектігін, қандай жағдайда маманға жүгіну қажет екенін біле бермейді.

Марина Вихновская аутизмге тән белгілерді баланың күнделікті әрекетінен, өзгелермен қарым-қатынасынан, ортаға бейімделуінен байқауға болатынын айтады.

– Мәселен, бала ойыншықтарын үнемі бір қатарға тізеді, бір қимылды қайталай береді. Кейбірі бір тағамды ғана жеп, бір киімді ғана кигісі келеді. Қарым-қатынастағы ерекшеліктер ерте жастан байқалуы мүмкін. Мысалы, бала анасы шақырғанда бұрылады, ал басқа адам есімін атаса, елең етпейді. Кей балалар бауырларымен ойнауға қызықпайды, көпшілік ортада қиналады, – дейді психиатр.

Аутизм
Фото: Kazinform/ЖИ

Дәрігер баланың бойындағы бір ғана ерекшелікке қарап, аутизм туралы қорытынды жасауға болмайтынын ескертеді. Мәселен, бала көзге тіке қарамағанымен, жасына сай дамып, айналасындағы адамдармен еркін араласса, бұл аутизм диагнозын қоюға негіз емес.

Ата-аналардың психиатрға баруына кедергі келтіретін тағы бір себеп – баласының болашағына деген алаңдаушылық.

– Кей ата-ана баласы кейін жоғары оқу орнына түсе алмайды немесе көлік жүргізе алмайды деп қорқады. Бірақ ең алдымен баланың бүгінгі жағдайын ойлау керек. Оның қоғамға бейімделуіне, күнделікті өмірге қажетті дағдыларды меңгеруіне көмектесу маңызды. Ешкім ата-ананы баласына мүгедектік рәсімдеуге мәжбүрлей алмайды, – дейді Марина Вихновская.

Балаларға қажетті көмек қаншалықты қолжетімді

Марина Вихновскаяның айтуынша, Алматыда балалар психиатрына қаралу үшін кезек күтуге тура келеді. Көмекке жүгінетін бала көп, маман саны жеткіліксіз.

Диагноз қойылғаннан кейін ата-аналар баласын қай маманға көрсету керектігін де біле бермейді. Кейбірі психиатрдан баласының сөйлеуін дамытуға, мінез-құлқын түзетуге көмектесуін күтеді. Алайда бұл – басқа мамандардың міндеті.

– Психиатр диагноз қояды, қажет болса ем тағайындайды, мүгедектікті рәсімдеуге қажетті құжаттарды әзірлейді. Баланың жеке оңалту бағдарламасын жасауға қатысады. Ал педагогикалық түзету жұмыстарын арнайы мамандар жүргізеді, – дейді Марина Вихновская.

Нұргүл Ұлжекованың сөзінше, елімізде тегін түзету және оңалту қызметтері барлық өңірде бірдей қолжетімді емес. Ірі қалалардағы орталықтар сұранысты толық өтей алмай отыр. Ауылдық жерлерде маман тапшылығы тіпті өткір сезіледі.

– Бір балаға логопед, дефектолог, психолог, арнайы педагог, бейімделген дене шынықтыру маманы және басқа да бейінді мамандардың көмегі қажет болуы мүмкін. Бірақ ата-ана олардың барлығын бір жерден таба алмайды, – дейді қор жетекшісі.

Соның салдарынан ата-аналар баласына диагноз қойдыру, қажетті құжаттарды жинау, оңалту көмегін алу үшін бірнеше мекеменің табалдырығын аттауға мәжбүр. Осылайша баланың дамуы үшін аса маңызды уақыт өтіп кетуі мүмкін.

Тараздағы орталық
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Дер кезінде көрсетілген көмек баланың өмірін қалай өзгертеді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, тиімділігі ғылыми тұрғыдан дәлелденген психологиялық-әлеуметтік көмек аутизмі бар адамдардың өзгелермен қарым-қатынас жасауына, өмір сапасын жақсартуына ықпал етеді.

Нұргүл Ұлжекованың айтуынша, ерте жаста баланың миы мен жүйке жүйесі икемді келеді. Бұл – жаңа дағдыларды меңгеруге қолайлы кезең.

– Әрине, ерте араласу барлық диагнозды жояды немесе баланың даму ерекшеліктерін толықтай қалыпты жағдайға келтіреді деп айтуға болмайды. Бірақ оның функционалдық мүмкіндіктерін арттыруға, коммуникациясын дамытуға, қозғалыс дағдыларын қалыптастыруға, өзіне-өзі қызмет етуіне және қоғамға бейімделуіне елеулі ықпал етеді, – дейді сарапшы.

Баланың қоғамға бейімделуіне спорт та көмектеседі. Мәселен, «Мир равных возможностей» қоғамдық қорының «Саламатты болашақ» жобасы аясында еліміздің 23 қаласында 1 100-ден астам бала мен жасөспірім спорттық-сауықтыру сабақтарына қатысқан.

Қор жетекшісінің айтуынша, бочча спортына алғаш келген балалардың арасында өздігінен қозғала алмайтын, өзгелермен араласуға қиналатындары болған. Мамандардың көмегімен жүйелі жаттыққан балалар біртіндеп өз бетінше шешім қабылдауды, допты нысанаға дәл бағыттауды, ойын ережесін сақтауды, командамен бірлесіп ойнауды үйренген.

Бүгінде олардың арасынан халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген спортшылар шыққан.

– Бұл жерде мен үшін ең маңыздысы – медаль ғана емес. Баланың өзіне деген сенімінің артуы, дербестікке ұмтылуы, қоғаммен қарым-қатынас орнатуы және өзінің де үлкен жетістіктерге жете алатынын түсінуі, – дейді Нұргүл Ұлжекова.

18 жастан кейін де қолдау қажет

Дамуында бұзылыстары бар балалар есейгенде өз бетінше өмір сүре ала ма? Бұл – көптеген ата-ананы толғандыратын сұрақ.

Марина Вихновскаяның айтуынша, былтыр және биыл оның тәжірибесінде жүзге жуық бала кәмелетке толып, ересектер психиатрының бақылауына өткен. Олардың арасында ата-анасының көмегіне әлі де мұқтаж адамдар бар.

– Балалар есейген сайын ата-аналар психиатрға қайта жүгінеді. Өйткені 18 жастан кейін олардың қоғамға бейімделуі, әскери қызметке қатысты және басқа да әлеуметтік мәселелері туындайды. Өз тәжірибемізден олардың бірқатары ата-анасының көмегі мен бақылауына мұқтаж екенін көріп отырмыз, – дейді психиатр.

Кәмелетке толғаннан кейін адамның қолдауға деген қажеттілігі жойылмайды. Керісінше, білімін жалғастыру, еңбек ету, күнделікті тұрмысын ұйымдастыру секілді мәселелер алдыңғы орынға шығады.

Сондықтан баланы ерте жастан өзіне-өзі қызмет етуге, өзгелермен араласуға, өз бетінше шешім қабылдауға үйретудің маңызы зор. Бүгін меңгерген дағдылары оның ертең мүмкіндігінше дербес өмір сүруіне көмектеседі.

Ұлттық балаларды оңалту орталығы
Фото: Ақорда

Қазақстанда 20 жаңа оңалту бөлімін ашу көзделген

Елімізде балалардың дамуындағы бұзылыстарды ерте анықтап, қажетті көмекті дер кезінде көрсету үшін жаңа орталықтар ашылып жатыр.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова соңғы бір жылда медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының жанынан 440-тан астам даму және ерте араласу орталығы ашылғанын айтқан еді.

Енді психикалық денсаулық орталықтарында оңалту қызметтерін кеңейту көзделіп отыр.

– Психикалық денсаулық саласын дамыту жоспарына сәйкес еліміздегі 20 психикалық денсаулық орталығының әрқайсысында медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімін ашу қарастырылған. Емханалар жанынан осындай шағын бөлімдер ашу жоспарланып отыр. Онда психологтер, дефектологтер, балалардың сенсорлық және қимыл-қозғалыс бұзылыстарын түзету бойынша арнайы даярлықтан өткен мамандар жұмыс істейді, – дейді Марина Вихновская.

Маманның айтуынша, аталған жоспар Үкіметтің қарауына жіберілген.

Нұргүл Ұлжекова жаңа орталықтар ашумен шектелмей, оларды білікті мамандармен қамтамасыз ету қажет деп санайды. Сарапшы шалғай елді мекендердегі балаларға көмек көрсету үшін ерте араласу кабинеттерін ашуды, көшпелі мамандардың жұмысын ұйымдастыруды ұсынады.

«Баланың тағдыры диагнозымен шектелмеуі керек»

Сарапшының пікірінше, баланы оңалту медициналық көмекпен шектелмеуге тиіс. Оның қабілеті мен қажеттілігіне қарай білім алуына, түрлі дағдыларды меңгеруіне, спортпен айналысуына жағдай жасау маңызды.

– Менің ұсынысым – жеке абилитациялау және оңалту бағдарламасының әлеуметтік оңалту бөліміне «Дене шынықтыру-сауықтыру сабақтары және спортпен шұғылдану» бағытын енгізу. Бұл спортты қосымша мүмкіндік емес, баланың әлеуметтік бейімделуі мен өмір сапасын жақсартудың маңызды құралы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді, – дейді қор жетекшісі.

Баламен жұмыс істейтін мамандардың көмегі ата-аналарға да қажет. Нұргүл Ұлжекова оларға психологиялық қолдау көрсетіп, баласының дағдыларын үй жағдайында дамыту жолдарын үйрету маңызды екенін айтады. Осы бағытта тәжірибе жинақтаған үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік бағдарламаларға тартуды ұсынады.

– Баланың тағдыры оның диагнозымен немесе мүгедектік мәртебесімен шектелмеуі керек. Біз әр баланың әлеуетін ашуға, оның қоғамда өз орнын табуына және мүмкіндігінше дербес өмір сүруіне жағдай жасауымыз қажет, – дейді Нұргүл Ұлжекова.

Балалар арасындағы мүгедектік көрсеткішінің өсуі денсаулық сақтау, білім беру мен әлеуметтік қорғау салаларының бірлесіп жұмыс істеуін талап етеді. Өйткені диагноз қою – балаға көмек көрсетудің алғашқы қадамы ғана.

Сондықтан мүгедектік көрсеткішін саралағанда қанша баланың қажетті көмек алып жүргеніне, маман қабылдауын қанша уақыт күтетініне, оңалтудың нәтижесіне назар аударған жөн. Өйткені балаларды қолдау жүйесінің түпкі мақсаты – әр баланың өз қабілетін дамытуына, қоғамда өз орнын тауып, мүмкіндігінше дербес өмір сүруіне жағдай жасау.

Айта кетейік, бұған дейін аутизмі бар баланың дамуына не көмектесетінін жазған едік.