Психикалық науқастардың көктемгі ауытқуы - миф әлде шындық

психолог
Фото: pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрлігі психикалық ауытқуы бар жандардың көктемде мінез-құлқы мен іс-әрекетінің өзгеруінің себебі мен салдарына қатысты түсінтеме берді. 

«Ғылыми зерттеулер психикалық ауытқулары бар кейбір адамдарда көктемде симптомдардың жоғарылауы мүмкін екенін растайды. Дегенмен бұл құбылыстың нақты механизмдері әлі толық зерттелмеген. Психикалық ауруы бар адамдардың көктем мезгілінде ауытқуына байланысты бірнеше ғылыми фактор бар. Көктемде күндізгі жарықтың ұзақтығы артады, бұл ағзаның биоритміне әсер етуі мүмкін. Психикалық ауытқулары бар адамдарда бұл гормондардың теңгерімсіздігіне әкелуі мүмкін, соның ішінде ұйқы және тың жүру, сондай-ақ көңіл-күйді реттейтін мелатонин деңгейінің төмендеуіне әкеліп соғады», - деп жауап берді министрлік Kazinform агенттігінің ресми сауалына.

Сонымен қатар, ведомство маусымдық өзгерістерге де тоқталған. Қыстан көктемгі маусымға ауысу ауа-райы мен температураның өзгеруімен қатар жүреді, бұл адамның психикалық жағдайына әсер етуі мүмкін. Мысалы, кейбір адамдарда атмосфералық қысымның өзгеруі бас ауруын тудырады, салдарынан психикалық бұзылу белгілері күшейе түседі.

Одан бөлек, психикалық ауытқуға күйзелістің де әсері бар екен. Көктемде адамның өмір салты өзгеруі мүмкін, бұған жұмыс немесе әлеуметтік ортадағы өзгерістер жатады. Кейбір өзгерістер күйзелісті тудырып, психикалық бұзылуға алып келеді.

«Биологиялық факторларға келсек, кейбір зерттеулерде иммундық жүйенің өзгеруі немесе қабыну сияқты жайттар айтылады. Олар психикалық ауытқулары бар кейбір адамдарда көктемде өршуі мүмкін. Биологиялық факторлар өзара әрекеттесіп, адамның психикалық жағдайына әсер етуі мүмкін, бірақ ол әр адамда әрқалай», - деп толықтырды министрліктен.

Соңғы жаңалықтар