Психологиялық қолдау орталықтарының жұмысы қалай реттелді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Президент тапсырмасымен былтыр еліміздің барлық өңірінде психологиялық қолдау орталығы ашылды. «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының директоры Айбек Айтбағанбетов Kazinform тілшісіне орталықтың жыл ішінде қандай жұмыс атқарғанын, кімдерге көмек беріп, қандай талдау жұмысы жүргізілгенін айтып берді.

— Мемлекет басшысы былтыр да, биыл да балаларды қорғау, суицидті болдырмау, буллингке қарсы жұмысты жүйелеу үшін бірқатар тапсырма жүктеді. Нәтижесінде 2024 жылы еліміз бойынша Психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Ақтөбедегі орталықтың жұмысы бір жолға түсті ме?
— Президент тапсырмасы, облыс әкімдігінің қолдаумен 2024 жылы 6 мамырда «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығы ашылды. Мақсаты — Ақтөбе облысында білім алушылардың, тәрбиеленушілердің, педагогтердің, ата-аналардың психологиялық салауаттылығын сақтауға және нығайтуға бағытталған психологиялық қызметтің бірыңғай жүйесін құру.
Орталыққа ата-ана мен білім алушылар консультация алуға келеді. Сонымен бірге орталықтың мамандары педагог-психологтармен, ата-аналармен семинар-тренинг, кездесулер ұйымдастырады. Қазір ата-ана мен бала, балалар арасындағы өзара пікір қайшылығы, буллинг, суицид тақырыбы өзекті. Орталық ашылған кезде білім беру мекемелеріне хат жолданды, әлеуметтік желіде парақша ашылды, байланыс нөмірлері көрсетіліп, ақпараттандырып отырмыз.
Сонымен бірге ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығымен алгоритм бекітілген. Call орталық нөмірі де қосулы тұр. Қоңырау үзіліссіз, демалыссыз қабылданады. Қызмет көрсету — тегін. Ата-ана баласын ертіп әкеледі, рұқсатын береді. Кейде ата-ана баласының жанында болады, кейде түсініп, бөлек сөйлеседі. Аптасына бір рет бір сағат қабылдауда болады. Негізі білім алушы 10 терапиядан өту керек. Кейбір ата-ана 2-3 сеанстан кейін тоқтатып тастайды. Бұл дұрыс емес. Психолог қана емес, психиатрдың да көмегі қажет болады кейде. Оған учаскелік дәрігер арқылы жазылады. Қазіргі кезде орталықта 20-дан астам психолог, әдіскер жұмыс істейді.

— Бастапқы кезде кімдер көмек сұрап келді?
— Орталық ашылғаннан бастап Call орталыққа қоңырау түсті. Сол кезден бастап ата-аналар балаларын әкеліп жатыр. Негізі 2021 жылдан бастап Ақтөбе ғылыми-тәжірибе орталығында психологиялық бөлім болып жұмыс жасады. Кейін орталық болып құрылды.
Мұнда жеке деректер құпия сақталады. Бірақ кейбір проблемалық сұрақ ұқсас болып келеді. Мәселен ерлі-зайыпты ажырасады, ортада бала қалады. ҰБТ тапсыруы тиіс бала отбасындағы кикілжіңге шыдай алмайды, күйзеліске түседі. Қазір бірнеше әке баласын әкеліп жүр, анасы тұрмыс құрып кеткен. Сонымен бірге мектеп ауыстырған, ортаға бейімделе алмай жүрген оқушылардың да жайы алаңдатады. Мектептегі алғашқы махаббат хикаясы да бар. Бозбала мен бойжеткен арасы үзіліп, қыз күйзеліске душар болады. Тума-туыстарының арасындағы араздық, қарапайым ғана ұялы телефонды шектеу, бермеуі де проблема болып тұр. Мұнда 5 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге қолдау көрсетіледі. Демек балабақша, мектеп, колледж білім алушыларына біздің мамандар көмек береді, ақылын айтады.

— Ақтөбеде 400-ден астам білім беру ұйымы бар. Орталықтағы маман саны 20-дан асады. Мұндай айырмашылықпен бәрін қамту мүмкін бе?
— Әр аудандағы білім бөлімінде әдіскер бар. Сол әдіскер аудандағы барлық мектептің психологімен жұмыс істейді. Ал орталық мамандары сол әдіскермен және мектеп психологпен жұмыс істейді. Жұмыс жүйленген. Ортақта электронды журнал да бар. 2022 жылы іске қосылған журналда Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық академиясының ұсынымымен әзірленген төрт тест кіріктірілген. Жас ерекшілігіне қарай балалар сұраққа жауап береді. Оқушы немесе білім алушы өзін жайсыз сезінсе, сигнал түседі. Сары түс жанса, әдіскер қарап, орталыққа хабар береді. Кейін ата-анадан рұқсат алып, жеке жұмыс істейді.

— Жеке мектептердегі жағдай қалай?
— Бәріне ортақ талап осы. Барлық баланың тізімі бізде бар, олардың жағдайы белгілі. Мектеп қана емес, балабақша, колледж, сонымен бірге арнайы білім беру ұйымдары бар. Мамандар психологтарға да семинар-тренинг өткізеді. Ата-аналарды да жинаймыз. Төртінші тоқсан басталғанда мектептерге барамыз. Контингенті әлсіз, мықты мектептер де бар. Қала орталығында ол жақсы. Ал саяжай аумағында әлсіз болуы мүмкін.

— Осы жұмыстарға қарамастан әлі күнге дейін суицид, буллинг те кездеседі ғой…
— Бар.
— Себеп?
— Суицидті болжап білу қиын. Оған дәл осы себеп деп айту дұрыс та емес. Иә, сауалнама арқылы қауіпті тұсы анықталады, баланы жеке сұхбатқа шақырады. Қайта тест алып, әдістемелік көмек көрсетеді. Қазіргі күннің өзінде екі маман аудандарда жүр. Шынын айтқанда, біздің балалар айлакер. Олардың құрығына үлкендер түсіп қалып жатыр. Бүгін бір сәнді киімді ұнатты, алып беруін өтінді. Егер анасы бүгін алып бермесе, бір күн, бәлкім бір апта өткенде соған оған қол жеткізеді. Біз баламыздың тоқтықта өмір сүргенін, ешкімнен кенде болмағанын қалаймыз. Бала қай уақытта қызығады? Ол жан-жағына қарап, көргенін істейді.

— Біз сонда балаға қарай бейімделуіміз керек пе, әлде баланы өзімізге бейімдейміз бе?
— Баламен дос, құрбы ретінде сөйлесуіміз керек. Қазақта балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, 13 жасқа дейін құлыңдай жұмса, 13 жастан соң досыңдай сырлас деген бар. Біздің қателігіміз, зорлық-зомбылық, суицид, буллинг, ерте жүктілік, кибербуллинг дегенді балаға ерте жастан бастап айтуға ұяламыз. Бәрі ұялы телефонның әсерінен. Балалар ақпаратты ата-анадан емес, телефондағы түрлі желінен алады. Ал біз сол ақпаратты сүзгіден өткізіп, бақылап отыруымыз керек. Бүгін қай сайтты қарады? Не көрді? Бәрін бақылауға болады. Кінә ата-анадан, бақылауды қойдық. Достарын дұрыс танымаймыз, атын ғана білеміз, олардың ата-анасын көрмегенбіз. Ата-ананың орнын психолог толтыра алмайды. Бір әкенің тәрбиесін 100 мектеп бере алмайды.
— Біз сонда қазір осыны біліп, қателікпен жұмыс істеп жатырмыз ба?
— Біз өзімізді тәрбиелеп, балаға үлгі болуымыз керек. Үйге келген соң телефонды қойып, бірге кітап оқып, отбасымен кино көрейік, сырласайық.
— Бір жылда орталық мамандары қанша адамға көмектесті?
— Орталық ашылғалы бері 1 037 консультация берілді, оның ішінде 657-і білім алушыға, 380-і ата-анаға. Сенім телефонына 1 036 қоңырау түсті. Педагогтерге 122 оқу семинары өткізілді. Ата-анаға 87 семинар практикум ұйымдастырылды. 46 коуч сессия да педагогтерге арналды. Орталықта үш «Жан сыры» кабинеті бар. Бірінші топтық, екінші жеке және үшінші 5-10 жастағы балаларға арналған. Негізі облыста қазір 497 психолог бар.

— Маман жеткілікті ме?
— Шалғай ауылдарда маман жетіспейді. Мектептердің барлығында QR код та ілулі тұр. Балаға қолжетімді, кез келген уақытта хабарласа алады. Бәрі аноним түрде түседі, біз бақылауға алып, жұмыс істейміз. «Мына бала хабарласты» деп айтпай, жасырын ұстаймыз. Әр адамның проблемасына өзім деп қараймын, сонда ғана түсіне аламыз.
— Ұсынысыңыз…
— Мамандарды оқытамыз, біздің де мамандар тәжірибесін шыңдай түссе дейміз. Мұнда кем дегенде 5-6 жылдық тәжірибесі бар мамандар жұмыс істейді. Жас маман болса, тәлімгері бекітіледі. Қазір мамандар үш жыл сайын біліктілігін арттырып отыр. Талап осы.
— Ата-ана қай кезде баласын психологқа әкелуі керек?
— Үнемі көңіл күйі болмай жүрсе, агрессия, мазасыздық пайда болғанда әкелуге болады.