Психологиялық кітаптарға сұраныс азайып, көркем әдебиетті таңдайтындар көбейді — кітапхана директоры
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Жасөспірімдер мен жастар кітап оқымайды деген қасаң ой сейілді. Қазір жастар тек көркем әдебиетті емес, салалық кітаптарды оқып, бизнес бастап жатыр. Олар түрлі коучтан сабақ алмай, бар ілімді кітаптан іздеу тиімді екенін түсінді. Бұл туралы Kazinform тілшісіне Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлнәр Сейталина айтып берді.
— Осыдан үш жыл бұрын Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы жаңғырып, жаңарды. Содан бері бұл жайлы орынға, жастар жиі жиналатын ортаға айналды. Демек кітапхананың қасбеті мен ішкі безендіруі де келушілерге әсер ете ме?
— Иә, кітапханаға келушілер саны үш жылда үш есе артты. Бұрын 9 мың оқырман болса, қазір саны 30 мыңнан асып отыр. Кітапхана жанынан өтіп бара жатқан адам «қызылды-жасылды балабақша ма, мектеп пе» деп сұрайды. Кірген кезде танысады, біледі. Құр қызықтап кетпей, оқырманымыздың қатарына қосылады, кітап оқиды. Демек кітапхананың орналасқан орны, қасбеті де әсер етеді. Ішке кірген соң жайлы ортаны ұнатады. Ең бастысы — кітап қоры. Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында 80 мыңға жуық кітап бар. Оның 5 мыңы — бестселлер. Нобель сыйлығын алған жазушылардың таңдамалы шығармаларын қазақ тілінде оқуға болады. Өз таңданысын жасыра алмағаны «шетелский» деп айтып жатады. Шетелде оқыған, шетелде тәжірибе жинаған оқырмандар сол жақтың озық үлгісін бізден көре білді. Бір жағынан кітапхана дәстүрлі жұмысын жалғастырады. Заманауи орта болса да мұнда тыныштық сақталады.
— Кітапхана ішінде бірнеше бағыт та қамтылған. Ерекшеліктері неде?
— Оқу залдары түрлі тақырыпқа бөлінді. Әлем әдебиеті залы ретро бағытта безендірілді. Қазақ әдебиеті бөлімінде ұлттық нақыш басым. Оқушы оқырмандарымыз таңертең келді, сабағын, кітабын оқыды. Бір қарасақ шаршап, көзі ілініп кеткен. Олардың да тыныштығын бұзбаймыз. ІТ залда комьпютердің жүйелік блогі қуатты. Оқырман кез келген уақытта келіп, жұмыс істеп, түрлі бағдарламаларды орындай алады. Кей оқырман көңілі қалап, түрлі клуб ашады. Мәселен Мағжан Жұмаев 11 жыл АҚШ-та тұрып, Ақтөбеге келді. Ағылшын тілін еркін сөйлейтін оқырманымыз тегін курс ашты. Алғашында екі адам қатысты, кейін 50-ден асып кетті. Шетел көрген жігіттің оқу әдістемесі де ерекше. Жүзі жылы, ешкімнің көңілін қалдырмайды, сұрақ қойса құптап, демеп отырады. Тұйық, біртоға жастар ашылып, өзін жаңа қырынан тани бастады. Мағжанның сабағына кейін зейнеткерлер де қатысты, олар да ағылшын тілін үйренді. Жас жігіт ЖИ-ді үйреніп, қазір өз орталығын ашты, кәсібін дөңгелетіп отыр. Шетелде оқуға ниетті жастарды дайындайды, білім алуына көмектесті. Тағы бір оқырманымыз Алмаз Елеуов 3D мүсінші және осы бағыттағы кітаптарға қызығады. Өзі оқыды, білімін толықтырып, үйірме ашты. 3D форматта ойын құрастырып, өзін танып, Германияға оқуға кетті. 2024 жылы медициналық университетте оқып жүрген Алмас Сәрсенғалиев, Рысдәулет Мұхитдин «Зейін» кітап клубын ашты. Клуб мүшелері бір кітапты таңдап, оқып, соңында талқылайды. Оқырманымыз Намазбек Ержігіт күн сайын келіп жүріп, көрінбей кетті. Ол шетелде білімін жетілдіріп келіп, Ақтөбе медициналық орталығында жұмысқа орналасқан пульмонолог дәрігер. Жас маман шеберлік сағатын өткізіп, тәжірибесін бөліспек. Ол шетелде берілетін білім гранттары туралы айтып, замандастарын бағытамақ. Өзі оқыды, білгенін үйретеді. Тағы бір жас жігіт үнемі бизнес туралы кітаптарды оқып, іс бастады. Досы екеуі пәтерді жалға алып, дыбыс жазу студиясының жұмысын жүргізеді. Неден бастады? Өзі үрмелі музыкалық аспапта ойнайды. Бизнесті бастау қолдан келетін түсінгенде өзі ұнататынынан бастады. Ол түрлі коуч, бизнес тренер ақысына үйрететін білімді кітаптап, кітапханадан тегін тапты.
— Демек «жастар кітап оқымайды» деген жалпылама сөз бекер. Жастар кітапханада сағаттап отырады, білім алады, өз білгенімен бөліседі…
— Иә, бізде осындай жастар бар және олардың ойы жүйрік. Тағы бір мысал келтірейін. Жылдам оқу маманы Айым Таңатардың әдісі қызықтырды. Өзі ғана емес, анасы, інісі де келеді. Өзі көркем әдебиетті, анасы ғылыми, ал інісі бизнес бағытын таңдаған. Қалай жылдам оқуға болады? Ол бір сәтте екі кітапты қолға алады. Алдымен біріншісінің, кейін екіншісінің бір бетін оқиды. Екі кітапты тең парақтайды, бірден екі кітапты тауысады. Жылына 100 кітап оқу жоспары бар екен. Шеберлік сабағына қатысып, ертегіден бастап оқып көрдім. Мазмұнын түсіндім, миым қабылдады. Зейін, ынта болса бәрінің қолынан келеді. Көбіміз ерініп, бәрін ертеңге қалдырамыз, қазір мен бүгінге басымдық беруіміз керек.
— Бір кездері психологиялық кітаптарға сұраныс жоғары болды. Бұл үрдіс өзгерді ма?
— Бұл сұраныс сәл басылды. Жастар мен жасөспірімдер көркем әдебиетке әуес. Сонымен бірге қазақша, орысша және ағылшын тілінде оқиды. Кітап алмасу шарасына 97 адам қатысып, 400-ден астам кітапты алмастырып алды. Оның да ережесі бар. Кітап жаңа, жыртылып, сызылмаған болуы тиіс. Діни, зорлық-зомбылыққа үндейтін кітаптар қабылданбайды. Бес кітап әкелсе, өзгелер ұсынған 5 кітапты алады. Тағы бір айта кетерлігі, кітап оқу — тренд. Әсіресе Дулат Исабековтің шығармаларын жарыса оқуға көшкен. Оқырманды қызықтыру үшін ақын, жазушылардың өмірбаянынан да айтып береміз.
— Кітапханаға өз кітапханасын тапсыратын адамдар бар ма?
— Бізде Сағи Жиенбаевтің жеке кітапханасындағы мыңға жуық кітап бар. Жұбайы Уәзипа апа кітапханасының бір бөлігін тарту етті. Кітапта Ғафу Қайырбеков, Жұбан Молдағалиевтің қолтаңбалары бар. Сонымен бірге оқырмандар да том-томдап әкеледі, өзіміз барып алып кетеміз. Бірақ бәрін бірдей қабылдай алмаймыз. Тек құнды, сирек кездесетін кітапты қабылдап, қорға қосамыз.
— Кітапханада жалпы қанша клуб бар?
— Кітапхана балабақша, мектеп емес, үйірмелер аша беруге болмайды. Кітапхана шеберлік орталығы емес, мұнда қонақ шақырып, тәжірибесін бөліскенімен, үнемі жиын өткізуге қарсымыз. Кітап іздегендер болса қашықтыққа қарамай келеді, оқиды. Тек жасөспірімдер, жастар емес, оқырмандар арасында бастауыш сынып балалары да бар. Ата-анасы әкеліп, тастап кетеді. Кітапхана ережесін білетін бала 2-3 сағатын осында өткізіп, кітап оқиды. Кейде оқырманның арасында да кітапханашыларға көмектесіп, бағыт-бағдар беретіні бар. Мұндайда алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жазда жас жеке кәсіпкер төрт баласын әкеліп, демалыс күндерін кітап оқумен өткізді. Күніне екі сағатын арнайды. Тағы бір жас отбасы қырқынан шыққан баласын әкеліп, оған дауыстап кітап оқып береді. Тұңғышын осылай тәрбиелеп отыр, бұл оқырманның қалауы. Кейде адамдар қонақтарын әкеліп, экскурсия жасайды. Оған да шектеу қоюға болмайды. Кітап арқылы танысып, табысқан оқырмандар да бар.
— Оқыдым, бірақ біраз уақыттан кейін ұмыттым. Неге?
— Бір кітапты екі қайтара оқу керек. Сонымен қатар кітапты оқып, талқыласа, есте қалады. Қазір адамдар шағын ғана видеоларды көріп, миды қажетсіз ақпаратқа толтырды. Бұл дұрыс емес. Адам миды жаттықтырып, кітап оқуы керек. Күніне 5-10 минут бөлсе әрі оны әдетке айналдырса ұтылмайды. Жасанды интеллект жер астынан шықпайды, оны адамның миы толықтырады. Ми жұмыс істеуі үшін кітап оқи беру керек. Баланы ынталандырған кезде ақысын төлеу керек болса, төле! Ол бүгін ақысына оқыса, ертең өзі үшін кітапты қолына алады.
Еске салайық, бұған дейін журналист, аудармашы, баспагер, «Сарасөз» журналының негізін қалаушы әрі бас редакторы Гүлжаз Қарыбек скроллинг дәуірінде кітапқа қызығушылықты қалай ояту керек екенін жайлы айтқан еді.