Психотроптық заттарды өткізген кәмелетке толмаған жеткіншек 7 жылға сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Түлкібас ауданының 17 жастағы тұрғынын аса ірі көлемде психотроптық заттарды таратқаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырды.

Психотроптық заттарды өткізген кәмелетке толмаған жеткіншек 7 жылға сотталды
Фото: Kazinform

Тергеу барысында Мынбай ауылында тұратын жасөспірім Telegram-арналары арқылы есірткі бизнесін ұйымдастырушылармен байланыс орнатып, бірнеше ай бойы Шымкент және Сарыағаш қалаларында есірткі курьері ретінде жұмыс істегені анықталды.

— Қылмыстық схемаға психотроптық зат — меткатионды (мефедронның аналогы) алу және буып-түю, орау материалдарын сатып алу, әртүрлі мекенжайларға «қалта» жасау және арнайы шифрланған байланыс арналары арқылы есеп беру кіреді. Төлем криптовалюта арқылы жүргізіліп, P2P-сервистер арқылы теңгеге аударылған. Күдіктіден 29 орам есірткі және тағы 26 орамда 41 «қалта» табылып, тәркіленді. Жалпы салмағы 136 грамнан асады, — делінген хабарламада.

Айта кетелік Қызылордада есірткі қылмысына қатысты 22 адам ұсталды

Соңғы жаңалықтар