ПТРК қазақ-қытай ынтымақтастығы жайлы «Жаңа алтын отыз жылдық» деректі фильмін ұсынады
ҚР Президентінің телерадиокешені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына 17-18 қазан күндері өткен ресми сапарына орай түсірілген деректі фильмді ұсынады.

«Жаңа алтын 30 жылдық» деп аталатын деректі фильмде ресми сапардың Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің келіссөзімен басталғаны баяндалады.
Мемлекет басшысының сол күні Бейжің Тіл және мәдениет университетіне барып, оқу ордасының аумағына қойылған ұлы ғалым, әлемнің екінші ұстазы атанған ғұлама бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби бюстін ашу салтанатына қатысқаны, сол жерде оқып жатқан қазақ студенттерімен кездескені де фильмге арқау болған.
«Баршаңызға мәлім, Әл-Фараби – Шығыстың ұлы ойшылы, оның әлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесі орасан зор. Әл-Фараби Қазақстан аумағында туып-өсті, білім іздеп көптеген елге барды. Математика, жаратылыстану, астрономия, филология және басқа да бірқатар ілімді дамытуға зор еңбек сіңірді. Адамзаттың дамуына өлшеусіз үлес қосты. Мен де кезінде осы оқу орнында тура қырық жыл бұрын білім алдым. Сондықтан бүгін Әбу Насыр Әл-Фарабидің мүсінін ашу – мен үшін зор мәртебе», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рәсімде.

Дәл осы университет қабырғасындағы жүрекке жылу ұялатар тағы бір кездесу фильмнің ажарын аша түскен. Ол - ұстаз бен шәкірт жүздесуі. Ұстаз – профессор Лю Шицинь шәкірт – Қасым-Жомарт Кемелұлына Бейжің лингвистикалық институтында тағылымдамадан өткен кезде дәріс берген екен.
Келіссөз барысында еларалық сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, қаржы, көлік-транзит, атом өнеркәсібі, машина жасау, туризм, электронды коммерция және жоғары технология салаларындағы ықпалдастықты дамыту мәселелері талқыланып, нәтижесінде қос тарап маңызды құжаттарға қол қойылған.
Сондай-ақ деректі фильмде Президенттің қытайдың SINOPEC, YTO Express Co., Ltd, CRRC Сorporation Limited сынды компанияларының басшыларымен жүздесіп, экономикалық байланыстарға баса мән берілгендігіне де назар аударылады.

Президент ресми сапарының басты мақсатының бірі – «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының ІІІ форумына қатысу болған еді. Іс-шара барысында Мемлекет басшысы үш жыл ішінде 1300 шақырым жаңа теміржол жол салуға, Қытаймен шекарада үшінші теміржол өткізу пунктін ашуға, «Бақты» және «Қалжат» жаңа құрғақ порттарының құрылысына қатысты жоспарын ортаға салған.
Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапары барысында Қазақстанның Абай, Алматы, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарымен шекаралас жатқан Шыңжаң орталығы Үрімші қаласына да арнайы ат басын бұрған. Фильмде аталған шаһарға сапар аясында Мемлекет басшысының Қытай Коммунистік партиясы Орталык комитеті Саяси бюросының мүшесі, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездескеніне, тараптардың сауда, өнеркәсіп, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы, туризм тағы басқа бағыттар бойынша Қазақстанның Шыңжаңмен арадағы қарым-қатынасын талқылағанына баса мән берілген.

Жаңа «Алтын отыз жылдық». Деректі фильм атауы құлаққа тосын естілгенімен көтерер жүгі, айтар ой салмақты. Алдағы 30 жылда экономикалық байланысы мығым, алыс-берісі тұрақты, тату көршілік байланыстары берік қазақ-қытай қарым-қатынасының алтын дәуірі өтетіндігін меңзеп тұрғандай. Ендеше осынау үлкен сапар жайлы егжей-тегжейлі деректі фильмінен қанық болыңыздар!