Путин Тоқаевқа қазақстандық әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты көңіл айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Каспий теңізінде болған қайғылы оқиға салдарынан қазақстандық әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты көңіл айтты. Бұл туралы Кремльдің баспасөз қызметі мәлім етті.
Ресей басшысы жолдаған жеделхатта қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтатынын жеткізген.
— Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің Каспийдегі оқу-жаттығулары барысында болған қайғылы оқиғаға байланысты шын жүректен көңіл айтамын. Қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына шынайы жанашырлығым мен қолдауымды жеткізуіңізді сұраймын. Ресей халқы олардың қайғысы мен қасіретін бөліседі, – делінген Владимир Путиннің жеделхатында.
Жеделхат Қазақстан Президентіне 25 қыркүйекке қараған түні жолданған.
Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын хабарлағанбыз. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.
Кейіннен Каспийде қаза болған әскери қызметшілердің саны 12-ге жетіп, екеуі іздестіріліп жатқаны хабарланды.
Қорғаныс министрлігі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің тізімін жариялады.
Әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын жаздық.
Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.
Әскерилердің қазасынан кейін Ақтауда үш күнге жоспарланған мерекелік шаралар өтпейтіні айтылды.
Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі – «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау» және 465-бабы – «Кеме жүргізу қағидаларын бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды.