Путин Қазақстан мен Қырғызстаннан ЕАЭО таңбаланбаған тауарларын тасуға рұқсат берді

АСТАНА. KAZINFORM — Ресейге Қазақстан мен Қырғызстаннан Еуразиялық Экономикалық Одақтың таңбаланбаған тауарларын тасуға рұқсат берілді. Ресей президенті Владимир Путин Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды ТАСС.

Жүк көлігі
Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

Жарлық биылғы жылдың 10 желтоқсанына дейін жарамды.

Құжатқа сәйкес, ресейлік заңды тұлғалар мұндай тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) өнімі мәртебесін растайтын құжаттарсыз, сондай-ақ таңбалаусыз немесе Одақ және Ресей Федерациясының заңнамасында талап етілетін басқа да мәліметтерсіз импорттай алады. 

Алайда, кедендік ережелер мен өнімді таңбалау талаптарын бұзбау үшін белгілі бір шарттар сақталады. 

Міндетті шарттарға мыналар жатады:

  • ресейлік алушылар тауарларды тасымалдауды және уақытша сақтауды қамтамасыз етуі;
  • импорт туралы Индустрия және сауда министрлігіне хабарлау;
  • қажетті белгілерді кейіннен қолдану.

Мұндай тауарлар қолданыстағы кедендік ережелерге сәйкес 27 желтоқсанға дейін декларациялануы тиіс. Индустрия және сауда министрлігі тауарлар туралы ақпаратты мемлекеттік ақпараттық жүйеге енгізуге міндетті.

Естеріңізге сала кетейік, Еуразиялық Экономикалық Одақ таңбалау бойынша пилоттық жоба жүргізді. Бағдарлама тауарлардың қозғалысын қосымша рәсімдерсіз қадағалауға және олардың шыққан жерін растауға мүмкіндік береді. 

Айта кетейік, 2026 жылдың 11 ақпанынан бастап Еуразиялық Экономикалық Одақ аумағында навигациялық пломбаларды пайдалана отырып жөнелтілімдерді қадағалау жүйесі іске қосылады.

Соңғы жаңалықтар