Путин Қазақстан Президентін Ресейдегі ірі халықаралық шараларға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM – Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Қазақстандағы кезекті мемлекеттік сапары барысында Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Ресейдегі ірі халықаралық шараларға шақырды.
«Ең алдымен, осындай салтанатты кездесу үшін Президентке алғыс айтқым келеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы, біз сізбен үнемі кездесіп жүрміз және осындай жұмыс жағдайына үйреніп те қалдық. Осыншалық салтанатты рәуіште қарсы алып жатырсыздар. Сізге көп рахмет.
Достығымыз бір төбе, іскерлік қарым-қатынасты да өз деңгейінде ұстап келеміз. Бәрі шынымен де ең серпінді, ең жақсы үлгіде дамып жатыр. Біз үнемі байланыстамыз», - деді Ресей президенті.
Сондай-ақ, ол Қасым-Жомарт Тоқаевты Жеңістің 80 жылдығына арналған мерейтой шарасына шақырды.
«Өзіңізді жыл соңында Санкт-Петербургте өтетін ТМД аясындағы бейресми кездесуде күтемін. Сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шараға шақырамын. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз», - деді Владимир Путин.