Путин мен Әлиев Бакуде президенттердің бірлескен декларациясына қол қойды
АСТАНА. KAZINFORM – 19 тамызда Бакуде Владимир Путин мен Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиевтің келіссөздері өтіп, оның қорытындысы бойынша көшбасшылар бірқатар мемлекетаралық құжаттарға қол қойды.

Әзербайжан БАҚ хабарлауынша, президенттердің қатысуымен қол қойылған үкіметаралық және басқа да құжаттар алмасылды. Қол қойылған алты құжаттың ішінде үш келісім мен үш меморандум, сондай-ақ бірлескен мәлімдеме бар.
«Бүгін қабылданған құжаттар, соның ішінде, ең алдымен, президенттердің Бірлескен декларациясы біздің қарым-қатынастарымыздың достық және одақтастық сипатын тағы бір рет растайды. 2022 жылдың ақпанында қол қойылған Одақтастық ынтымақтастық туралы Декларацияның ережелері сәтті жүзеге асырылып отыр. Біздің елдер одақтас, дос, жақын серіктес және көрші ретінде әрекет етуде», - деді Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ресейлік әріптесі Владимир Путинмен келіссөздер қорытындысы бойынша баспасөзге берген бірлескен мәлімдемесінде.
Бірлескен мәлімдемеден бөлек азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастық, карантин және өсімдіктерді қорғау саласындағы ынтымақтастық, денсаулық сақтау, медициналық білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімдерге қол қойылды.
Сондай-ақ еңбек инспекциясы мәселелері, климаттың өзгеруі мәселелері, сондай-ақ Ресейдің тікелей инвестициялар қоры мен Әзербайжанның Экспорт пен инвестицияларды ынталандыру агенттігі арасында өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды.
Қол қою рәсімі Әзербайжан президентінің Загульба резиденциясында өтті.