Путин мен Трамп келіссөздерінің табысты болғанын айтуға әлі ерте — саясаттанушы
АСТАНА. KAZINFORM – Белгілі саясаттанушы Аркадий Дубнов Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамптың келіссөздеріне қатысты пікір білдірді.

— Келіссөздердің қалай өткенін біз сырттан ғана бағалай аламыз, мен куәгер де, қатысушы да болмадым. Сондықтан бұл тек қана пікір, бірақ кез келген деталь маңызды. Бұл үлкен серпіліс болған жоқ, үлкен жетістік те емес, тіпті сәтсіздікке жақын деуге болады. Бірақ бұған түпкілікті баға кейін беріледі. Маңыздысы – Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков айтқандай 6-7 сағат емес, бар-жоғы үш сағаттан сәл артық уақытқа созылғаны. Бұл да оның аса нәтижелі болмағанының белгісі, — деді Дубнов.
Саясаттанушы келіссөз барысында тағы бір мән беретін детальға тоқталды.

— Кездесу бастапқыда тет-а-тет форматында жоспарланған. Бірақ америкалық тарап оны үшке үш форматында өткізуді жөн көрді. Өйткені, Трамп ұзақ әрі мазмұнды әңгімеге жалғыз өзі төтеп бере алмайды. Бұл да кездесу сипатына әсер етті, — деді ол.
Дубновтың пайымынша, америкалық тараптың бұл кездесуден күткені тым жоғары болған.
— Әсіресе Трамптың өзі. Бұған мысал – Анкоридж әуежайында Путинді қарсы алу кезінде болған көрініс. Ресми жазбадан Трамптың Путинге қол соғып қарсы алған сәті қиылып тасталды. Бұл тым оптимистік көрініс ретінде қабылданды және әдепсіз көрінген болуы мүмкін, — деп атап өтті сарапшы.

Ал негізгі мәніне келсек, Путин «өзгенің алаңында» жеңіске жеткендей әсер қалдырды. Бұл да Аркадий Дубновтың ойы.
— Ол Трампты өз шарттарына көндірмеді, бірақ Трамптың да күткен нәтижесін бермеді. Бұған дейін АҚШ өкілі Уиткофф пен Путин арасындағы келіссөздерде территориялық мәселе бойынша түсініспеушілік болғаны байқалады. Бәлкім, аударманың дұрыс болмауы немесе ұсыныстың нақты жеткізілмеуі себеп болған шығар, — деді ол.
Оның айтуынша, басты қорытынды – «Путин Украина төңірегінде кешенді шешімге қол жеткізбейінше, бітімге келуге дайын емес».
— Бұл Ресейдің қауіпсіздік талаптарын қатаң орындауды, Еуропадағы жаңа қауіпсіздік жүйесін құруды қамтиды. Демек, соғысты тоқтату алдағы аптада немесе айда мүмкін емес. Тіпті сенатор Линдси Грэм «ең ерте бейбіт шешімге осы жылдың Рождествосында ғана қол жеткізілуі ықтимал» деп мәлімдеді. Бұл соғыстың ұзақтығы Екінші дүниежүзілік соғыстың төрт жылына теңесуі мүмкін екенін көрсетеді, — деді саясаттанушы.
Дубнов санкциялар мәселесіне де тоқталды.
— Трамп уәде еткен Ресейге қарсы санкциялар мәселесі мүлде талқыланбады. Оның ультиматумдары — 50-69 күн, кейін 10 күн деген мерзімдер айтылған еді. Бірақ Путин кездесуге ұсыныс жасаған сәтте санкциялар тақырыбы белгісіз себептермен кейінге ысырып қойылды. Сөйтіп, Трамп Путиннің қақпанына түсті. Путин бұл қақтығысты жай ғана тоқтатуды қаламайды, ол толық жеңіс ретінде көрсетуге болатын шешімге ұмтылуда, — деді ол.
Сарапшы Трамптың Зеленскийді келіссөздерге қосу ниеті туралы да пікір білдірді.
— Менің ойымша, Трамптың Путин мен Зеленскийді бір үстелге отырғызу идеясы жақын уақытта жүзеге аспайды. Себебі, Мәскеу қазіргі украин билігінің легитимділігіне күмән келтіреді. Путин қазіргі билікпен жасалған кез келген келісімді міндетті деп санамайды. Сондықтан бұл тағы бір айла, ал Трамп әзірге соған түсіп отыр, — деді Дубнов.
Саясаттанушының пайымынша, келіссөздер әлі нақты нәтиже бермеген.
— Қазір бұл процесте айқын оң сценарий көрінбейді. Путин уақытты созып, Мәскеуге тиімді жағдай қалыптастыруға ұмтылуда. Ал Трамп әзірге соның ойынына түсіп отыр, — деп түйіндеді Аркадий Дубнов.
Айта кетейік, Ақ үй Ресей мен АҚШ президенттерінің Аляскадағы кездесуін тарихи деп атаған болатын.
Еуроодақ басшылары Путин мен Трамп кездесуінен кейін бірлескен мәлімдеме жасады.