Үш сағатқа жуық уақыт келіссөз жүргізген Трамп пен Путин келісімге келе алмады
АСТАНА. KAZINFORM – Владимир Путин мен Дональд Трамптың келіссөздері Аляска штатының Анкоридж қаласындағы «Эльмендорф-Ричардсон» әскери базасында өтіп жатыр.

Путин мен Трамптың бірлескен баспасөз мәслихаты аяқталды.
Путин мен Трамп саммитінің қорытындысы
Владимир Путин Ресейдің Украина қауіпсіздігі жолында жұмыс істеуге дайын екендігін мәлімдеді.
- Украин халқы — біздің бауырлас халқымыз. Ресей Украинадағы қақтығысты тоқтатуға шын ниетімен мүдделі. Дағдарыстың барлық бастапқы себебі жойылуы тиіс. Киев жанжалды реттеуге бағытталған прогреске кедергі келтірмейді деп үміттенеміз. — деді Путин.
АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен екіжақты кездесу барысында «белгілі бір ілгерілеуге» және «үлкен прогреске» қол жеткізгендерін айтты. Бірақ «келісімге қол жеткізілмей ешқандай мәміле болмайтындығын» атап өтті.
— Біраз уақыттан кейін НАТО-ға қоңырау шаламын. Қажет деп санайтын адамдарға хабарласамын. Әрине, президент [Владимир] Зеленскийге де қоңырау шалып, бүгінгі кездесу жайында айтамын. Түптеп келгенде барлығы соларға байланысты, — деді Трамп бүгін Анкоридждегі саммиттен кейін.
— Біз өте нәтижелі кездесу өткіздік және көптеген тармақ бойынша келісімге келдік. Мақсатқа толық қол жеткізе алмадық. Алайда, оған жетудің жақсы мүмкіндіктері бар, - деп қосты Трамп.
Баспасөз мәслихатының соңында Путин келесі кездесуді Мәскеуде өткізуді ұсынды. Трамп бұл қызықты ұсыныс екенін айтып, сынға қарамастан, ондай мүмкіндік барын жоққа шығармады.
Президенттер жиналған журналистердің сұрақтарына жауап бермей мінберден түсіп кетті.
Ресей мен АҚШ делгацияларының алдында жоспарланған түскі асы болмайтын болды.
Екіжақты кездесуден соң Путин Форт-Ричардсон момериалды зиратында Кеңес солдаттарының мүрдесіне гүл шоғын қойды.
Путиннің жұмыс сапары аяқталды. Кремльдің Telegram-арнасында ұшаққа отырып жатқан президенттің видеосы жарияланды. Ресей көшбасшысы баспалдақпен көтеріліп бара жатып тоқтап, қолын бұлғап, басын иді.
Ресей президентінен соң Трамп та Аляскадан кетті.

Келіссөздер қалай өтті?
Ресей мен АҚШ көшбасшылары бірлескен баспасөз мәслихатын өткізу үшін журналистер алдына шықты.
Путин мен Трамптың шағын құрамдағы келіссөздері аяқталды, деп жазды ТАСС. Ресей мен АҚШ президенттері шағын құрамда 3 сағатқа жуық әңгімелесті.

БАҚ өкілдері Путин мен Трамп баспасөз мәслихатын күтіп отыр.

«Үште үш» форматындағы ресейлік-америкалық саммит 2 сағаттан астам уақыт өтіп жатыр.
Ресей мен АҚШ президенттері Анкоридждегі «Эльмендорф-Ричардсон» әскери базасында келіссөздер бастады, деп жазды CNN.
Кездесуге президенттің көмекшісі Юрий Ушаков пен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров, АҚШ тарапынан мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен АҚШ көшбасшысының арнайы өкілі Стивен Уиткофф қатысып отыр.
Pursuing Peace. 🇺🇸🇷🇺 pic.twitter.com/d9VqKzpF6g
— The White House (@WhiteHouse) August 15, 2025
Бұған дейін РФ президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Владимира Путин мен Дональд Трамптың әңгімесі тек екеуара өтетіндігін, оған аудармашылар ғана қатысатындығын мәлімдеген еді.
Дегенмен, АҚШ әкімшілігінің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт Ақ үй баспасөз-пулының тілшілеріне кездесуді бетпе-бет емес, «үште-үш» форматында өткізу туралы шешім қабылданғанын айтты.

Кеңейтілген құрамдағы кездесуге АҚШ қаржы және сауда министрлері Скотт Бессент пен Говард Латник, Ақ үй аппаратының басшысы Сюзан Уайлс, қорғаныс министрі Пит Хегсет қатысады.
Трамп Путинді ұшақ баспалдағында жеке өзі қарсы алғаннан кейін мемлекет басшылары қызыл кілеммен жүріп өтті. Жазғы алаңда суретке түсу салтанаты алдында бір-екі ауыз сөз алмасты. Қысқа ғана іс-шарадан кейін екеуі бір-бірімен қол алысып, содан соң Трамптың Cadillac көлігіне мініп жол тартты.

Осыған дейін Путиннің Аляскадағы саммитке дайындық жөнінде кеңес өткізгені туралы жаздық.