Путин-Трамп кездесуі халықаралық шиеленісті азайту жолындағы дипломатиялық қадам – саясаттанушы
АСТАНА. KAZINFORM – Путин үшін АҚШ президентімен тікелей диалогқа қатысу – бұл уақытша болса да дипломатиялық жеңіс. Мұндай пікірді саясаттанушы Қазбек Майгелдинов білдірді.

– Аляскадағы Путин мен Трамп кездесуінің қорытындысын айтар болсақ, негізі мұны Украинадағы соғысты тоқтату мақсатында көптен күткен кездесу деуге болады.
Біріншіден, «Трамптың сайлауалды науқанда Украинадағы соғысты тез арада тоқтатамын» деген уәдесі аясында АҚШ президентінің кезекті кездесу өте ме деп көпшілігі топшылады. Бірақ, мұндай нақты келісім болмады. Келіссөздер екіжақты форматта, Еуропалық одақсыз өтті. Сондықтан бұл келіссөздер Мәскеу мен Вашингтонның мүддесіне сай өтті деуге болады. Себебі, онсыз да оқшау отырған Путин үшін АҚШ президентімен тікелей диалогқа қатысу – бұл уақытша болса да дипломатиялық жеңіс.
Екіншіден, АҚШ үшін Трамптың өз элоктраты мен әлемдік қауымдастық алдында Путинді келіссөз жүргізуге қадам жасату ұпайы десек те болады, - деді ол.
Сарапшы келіссөздердің 3 сағатқа жуық уақыт бойы жабық есік жағдайында өткенін айтты.
– Трамп кездесуге дейін Мәскеуді ымыраға келтіру үшін қатаң ескерту жасағанын білеміз. Сол ескертудің жалғасы «санкцияны күшейту» деген болжам болған. Яғни, «Ресей үшін оның үлкен салдары болады» деген Трамп мәлімдесі тағы бар. Бірақ, кездесу форматына келер болсақ, бұл жерде Украина мүдесінің қаншалықты ескерілгені не ескерілмегені белгісіз. Келіссөздердің қорытындысы бойынша «тараптар түсіністікке келді» деген мәлімдеме ғана жасалды.
Сондықтан менің пайымымша, келіссөздер нақты аяқталған жоқ. Ары қарай Украина және Батыс елдерінің қатысуымен жалғасуы тиіс екенінің алғышарты ретінде қарастыруға болады. Бәрі Трамптың Зеленскиймен қандай ортақ келісімге келе алатынына және Вашингтон ұсынған шарттарды Киевтің мақұлдау не мақұлдамауына тікелей байланысты, - деді ол.
Қазбек Майгелдинов алдағы уақытта үшжақты кездесу болуы ықтимал екенін жоққа шығармайды.
– Мұндай қадам жасалса, онда кешегі кездесудің ілгерілеуін байқаймыз. Бұған дейін Ақ үй Ресейдің соғысына жанама ықпал еткені үшін Үндістан мен Қытайға санкциялық тарифтер салған болатын. Енді Аляскадағы диалог нәтижесінде Трамп Қытайға қатысты экономикалық қысымды әзірше тоқтатып, осы мәселені қайта қарауы мүмкін екендігіне қатысты бейресми ақпарат бар. Сондықтан Вашингтонның Мәскеуге жасаған бұл қадамын ымыра белгісі ретінде қарауға болады. Егер Ресей шынымен бейбіт келісімге келсе, АҚШ санкцияларды қатаңдатпайды. Яғни, Қытайға жасалған мұндай қадам алдағы уақытта Ресейге де қолданылуы мүмкін деген ойға жетелейді. Ең маңызды қайшылық – келіссөздерге Украина тарабының шақырылмауы. Одан кейін негізгі түйткілді мәселелер – соғысты, атысты тоқтату бойынша ортақ мәміле, құжат немесе нақты мерзім белгіленбеді. Сондықтан Аляскадағы Путин-Трамп кездесуі халықаралық шиеленісті азайту жолындағы тек дипломатиялық қадам ретінде қарастырамыз. Ал нәтижелер күткен деңгейде болмады, - деді саясаттанушы.
Бұған дейін үш сағатқа жуық уақыт келіссөз жүргізген Трамп пен Путин келісімге келе алмағанын жазған едік.