Путиннің АҚШ президентінің арнайы өкілдерімен келіссөздері Кремльде өтіп жатыр
МӘСКЕУ. KAZINFORM – Ресей президенті Владимир Путин келіссөз жүргізу үшін Мәскеуге келген АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнерді Кремльде қабылдап жатыр, деп хабарлайды агенттіктің Мәскеудегі меншікті тілшісі.
Кремльдегі келіссөздерге Ресей президентінің көмекшілері Юрий Ушаков пен Владимир Мединский, сондай-ақ Владимир Путиннің шет мемлекеттермен инвестициялық-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі, Ресейдің Тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев те қатысып жатыр.
Бұған дейін Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Владимир Путиннің америкалық өкілдермен Украинадағы қақтығысты реттеу мәселелерін талқылайтынын хабарлаған болатын.
АҚШ тарапы Киев және еуропалық серіктестермен келісілген ұсыныстарды да талқылауды жоспарлап отыр.
АҚШ өкілдері мінген ұшақ 12 қараша күні таңертең Внуково әуежайына қонды. Келіссөз жүргізушілерді Кирилл Дмитриев қарсы алды.
Сапар алдында Абу-Дабиде Ресей, АҚШ және Украина өкілдері екі күн бойы келіссөз жүргізді. Келіссөз қорытындысы бойынша Джаред Кушнер реттеу үдерісін одан әрі ілгерілету үшін Еуропа елдерінің қатысуы қажет екенін атап өтті.
Бұған дейін АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф Ослода Украина және Еуропа өкілдерімен келіссөздер жүргізгеннен кейін Санкт-Петербургке келгені хабарланған болатын.
Стив Уиткоффтың Мәскеуге бұған дейінгі сапары қазан айының соңында болған еді.