Путинцева Ноттингем турнирінде алғашқы қарсыласын айқын басымдылықпен ұтты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 27-ракеткасы Юлия Путинцева Ноттингем (Ұлыбритания) WTA 250 турнирінің екінші айналымына жолдама алды.

Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 577-орында тұрған британиялық, 16 жастағы Ханна Клагменмен өткізді.
Екі сетте де 6:2 есебі тіркелді.
Бір сағат 10 минутқа созылған бәсекеде Путинцева 1 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың алтауын мүлт жіберген жоқ. Клагмен 2 брейкпен көзге түсті.
Юлия Путинцева ширек финалға шығу үшін әлемнің 38-ракеткасы, словакиялық Ребекка Шрамкова немесе рейтингіде 106-сатыдағы германиялық Лаура Зигемундтың қай жеңгенімен таласады.
Жүлде қоры 275 мыңнан астам долларға бағаланған Ноттингем додасы 22 маусымда мәресіне жетеді.
Өткен жылы Ю.Путинцева бұл турнирге қатыспаған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын 17 жасар Әмір Омархановтың әлемдік рейтингіде үздік көрсеткішке қол жеткізгенін жазған болатынбыз.