Qarmet ұйымдастырған Кеншілер күніне арналған концертке 120 мыңнан астам адам жиналды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағандыда ел тарихындағы ең ауқымды концерттердің бірі өтті. Аймақтың басты мерекесі – Кеншілер күніне арналған бұл шараға қала орталығында 120 мыңнан астам көрермен жиналды. Мыңдаған адам алаңға ағылып, мерекенің бір бөлігіне айналды. Сахнада Қазақстан мен Ресейдің эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, кештің шарықтау сәтінде қарағандылықтар алғаш рет Zivertтің тікелей концертін тамашалады.

Кеше Қарағанды ашық аспан астындағы алып концерт алаңына айналды. Қаланың басты алаңқайына жиналған халық Кеншілер күнін шын мәнінде айрықша көңіл-күймен атап өтті.
– Бұл – өмірімде көрген ең әсерлі концерт. Ауқымы да, деңгейі де теңдессіз. Qarmet-ке рақмет айтамыз, - деді қала тұрғыны Абай Жұмабаев.
Мерекелік көңіл-күй қалаға ерекше тыныс берді. Жұртшылық отбасымен, достарымен келіп, алаңда шаттыққа толы атмосферада қауышты. Қонақүйлерде бұл күндері бос орын қалмады. Себебі көрермендер тек Қарағанды облысынан ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінен де келді.

Жұлдыздарға толы сахна
Көрермендерді танымал өнерпаздар – AYAU, Sadraddin, «Ирина Кайратовна» тобы қуантты. Ал кештің басты тосынсыйы – іс-шараға Zivertтің қатысуы болды. Ол қарағандылықтар алдында алғаш рет өнер көрсетті. Оның сахнаға шығуы алаңды дүр сілкіндіріп, әр әні көрермендердің жаппай қосыла шырқауымен айрықша сипат алды.
– Қарағанды мұндай мерекені көптен күткен еді. Атмосфера ерекше әсер қалдырды. Бұл – өмірімдегі ең жарқын күн. Осындай шаралар жиі болса екен, - деді концертке қатысушылардың бірі.
Өңір қалаларын қамтыған эстафета
Qarmet мерекелік бағдарламаны тек Қарағандымен шектемей, өзге кеншілер қалаларының тұрғындарына да сыйға тартты. 30 тамызда Қаражалда Әли Оқапов, Urker және Дильназ Ахмадиева өнер көрсетсе, келесі күні мереке Шахтинск, Саран және Абай қалаларында жалғасады. Бұл алаңдарда Alem, Айқын мен Мақпал Исабекова кеншілерге арнап ән шырқайды.
Әр концертте шахтерлерге – елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген азаматтарға ерекше құрмет көрсетілді. Ал кеш соңын аспанды түрлі түске бояған отшашу айшықтады.

Qarmet-тен тосынсыйлар мен бірлік рухы
Компания мерекелік шараны тек ән-күймен шектемей, PlayStation 5 ұтыс ойынын да ұйымдастырды. Мыңдаған көрермен әлеуметтік желіде концерттен фото мен бейнежазба бөлісіп, байқауға қатысты. Жеңімпаздар 2 қыркүйекте тікелей эфирде жарияланады.
Алайда көпшілік үшін басты сый – мерекенің өзі болды.
– Барлық кеншіні кәсіби мерекесімен құттықтаймын. Бүгін бүкіл облыс үшін аса маңызды күн. Әр отбасында осы кәсіппен байланысты адам бар. Концерт мінсіз өтті. 120 мыңнан астам адам жиналды. Яғни Қарағандының әрбір бесінші тұрғыны осы алаңда болды. Бұл – шын мәнінде ғажайып. Qarmet компаниясына осы мерекені ұйымдастырғаны үшін және өңірде болып жатқан оң өзгерістер үшін зор алғысымды айтқым келеді, - деді Қарағанды қаласы Урбанистика орталығының директоры Валерия Хасуева.

Еңбек пен дәстүрді ұлықтаған мереке
Qarmet үшін Кеншілер күні – күнтізбедегі жай ғана дата емес. Бұл – шахтерлердің маңдай тері мен еңбегіне тағзым ету, олардың қоғам алдындағы өлшеусіз рөлін мойындау. Мыңдаған көрерменді біріктірген ауқымды концерттер, жұлдыздардың өнері мен тосынсыйлар мерекені тарихи оқиғаға айналдырды.
Кеше Қарағанды аспанында ән әуелеп, халық шаттыққа бөленді. Ал кеншілерге ең басты сый – ауыр да мәртебелі еңбектеріне деген халықтың құрметі мен алғысы.