Qarmet жаңғыру жолында – Теміртауда қандай ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр
ТЕМІРТАУ. KAZINFORM — Теміртаудың келбеті металлургиялық комбинат аумағында да өзгеріп жатыр. Кәсіпорында негізгі қуаттарды жаңғыртуға, өнім көлемін арттыруға және қала тұрғындары үшін заманауи орта қалыптастыруға бағытталған бірқатар ірі жоба жүзеге асырылуда. Kazinform тілшісі Qarmet кәсіпорнындағы бірнеше нысанға барып, жаңғырту жұмыстарының барысын көрді.
Кәсіпорын аумағындағы ең ірі жобалардың бірі — № 8-9 кокстық батареялардың құрылысы. Комбинатта мұндай нысандарды салу жұмыстары соңғы рет 65 жыл бұрын жүргізілген.
— Бүгінде Qarmet іс жүзінде алып құрылыс алаңына айналды. Қолданыстағы цехтарды жаңғыртумен қатар, мегажобалар деп аталатын жаңа нысандар салынып жатыр. Жаңа кокстық батареялар — солардың бірі. Бұл жоба шикізатпен қамтамасыз етудің тұрақтылығына, өндірістің экономикалық тиімділігіне және экологиялық жағдайға тікелей әсер етеді, — деді «Qarmet» АҚ күрделі құрылыс жөніндегі директоры Алексей Сидоренко.
№ 8 батареяның құрылыс алаңында іргетасы қаланып, отқа төзімді бөлігін монтаждауға дайындық жүріп жатыр. Қыста да жұмысты үзбей жалғастыру үшін қажетті температураны ұстайтын уақытша жылытпа құрылым салынған. № 9 батарея бойынша іргетас тақтасын, контрфорстарды және басқа құрылымдарды тұрғызу жалғасып жатыр.
Екі батареяның арасына биіктігі 35 метрлік көмір мұнарасы салынып жатыр. Оның іргесінде 170 метрлік түтін мұржасы бой көтереді. Жаңа кешеннің жобалық қуаты жылына 1,5 млн тонна құрғақ кокс өндіруге есептелген. Іске қосылғаннан кейін 1960 жылдары салынған, бүгінде моральдық және технологиялық тұрғыдан ескірген № 1-4 кокстық батареяларды пайдаланудан шығару мүмкін болады.
Қазір құрылыс алаңында шамамен 350 адам еңбек етуде. Qarmet мамандары технологиялық жабдықтарды қабылдап алуда, оның бір бөлігі Қытайда өндірілген. № 8 батареяның құрылысын 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Осыдан кейін № 9 батарея іске қосылады.
Жаңғыртылып жатқан маңызды өндірістік буындардың бірі — дайындамаларды үздіксіз құю машиналары (ДҮҚМ). Бұл қондырғылар сұйық металды салқындатып, кристалдандыру арқылы слябқа немесе төртбұрышты дайындамаға айналдырып, болат балқыту мен прокат өндірісін бір арнаға тоғыстырады.
ДҮҚМ-ның жиынтық жобалық қуаты жылына 5,2 млн тонна сляб және 1,2 млн тонна төртбұрышты дайындама өндіруге жетеді. Үздіксіз құю технологиясы жарамды металл шығымын шамамен 10%-ға арттырып, прокат өнімдерінің сапасын 5%-ға көтеруге мүмкіндік берген.
Өндірістің келесі сатысында металдың сапасы мен қосылған құны арттырылады. Бұл жұмыс ыстық мырыштау және алюминийлеу цехында жүргізіледі. Мұнда болат прокатына металды коррозиядан қорғайтын арнайы жабын жағылады. Цех жылына 700 мың тоннадан астам өнім шығарады. Мұнда ыстық алюмо-мырыштау, мырыштау және полимерлік жабын жағу желілері жұмыс істейді. Өнімдер құрылыс, шатыр және қасбет материалдары өндірісінде, машина жасауда қолданылады. Qarmet өндіретін мырышталған болат Қазақстанда автобустардың кузов бөлшектерін жасауға пайдаланылады.
Сортты прокат өндірісін кеңейтетін тағы бір жоба қолға алынған. Жаңа сортты прокат кешенінің құрылыс алаңында іргетастарды бетондау, металл конструкциялар мен кран жабдықтарын монтаждау жүргізілуде. Нысанға 1,5 мың тоннадан астам арматура және 1,5 мың тоннадан астам металл конструкция жеткізілді. Жоба аясында 11 көпірлі кран орнатылады.
Құрылыс аяқталғаннан кейін жаңа прокат станы жылына 540 мың тоннадан астам өнім шығаруға мүмкіндік береді. Мұнда А600 және А1000 класты жоғары берікті арматура, сондай-ақ бұрыштық және швеллер профильдері өндіріледі. Өнім ішкі нарыққа да, экспортқа да шығарылады.
— Біз үшін жаңғырту — жекелеген құрылыс жобаларының жиынтығы емес, бүкіл өндірістік тізбекті жүйелі түрде жаңарту. Бір мезгілде жабдықтарды алмастырып, өндірістік қуаттарды арттырып, өнім түрлерін кеңейтіп жатырмыз. Бұл кәсіпорынның нарықтағы орнын нығайтып, одан әрі дамуына берік негіз қалауға тиіс, — деді «Qarmet» АҚ басқарма төрағасы Петр Трушин.
Qarmet-тегі өзгерістер өндірістік аумақпен шектелмейді. Теміртауда компания 2023 жылы тоқтатылған трамвай қатынасын қайта жандандырды. 2024 жылы 30 шақырым трамвай жолы жаңартылып, сегіз жаңа вагон сатып алынды. Бүгінде трамвайлар кесте бойынша тұрақты қатынайды. Qarmet қызметкерлері үшін жол жүру тегін, Onay жүйесі жұмыс істейді.
Қаланың өзгерген келбетінің тағы бір мысалы — Qarmet Park. 2024 жылға дейін пайдаланылмай келген жеті гектар аумақ абаттандырылып, серуендеу орындары, спорт және балалар алаңдары, үш жасанды тоған, сахна мен пикник аймағы бар қоғамдық кеңістікке айналды. Мұнда халықаралық талаптарға сай баскетбол алаңы да салынды.
Саябақ бүгінде қалалық іс-шаралар өтетін орындардың біріне айналды. 2026 жылы мұнда мыңнан астам адам қатысқан Qarmet Run жүгірісі ұйымдастырылды. Сондай-ақ саябақта Kia Basketball Fest өтті.
Осылайша, Теміртаудағы өзгерістер өндірістен бастап қалалық инфрақұрылым мен қоғамдық кеңістіктерге дейін қамтып отыр. Жаңа кокстық батареялар салынып, металлургиялық қуаттар жаңғыртылып, жаңа сортты прокат кешені бой көтеруде. Сонымен қатар трамвай желісі жаңарып, жаңа қоғамдық кеңістік пайда болды.
Теміртау үшін бұл өзгерістер өндіріс орындарының аумағынан әлдеқайда кең. Qarmet-ті жаңғырту кәсіпорынның өндірістік мүмкіндігін арттырумен қатар, қаланың инфрақұрылымы мен қоғамдық кеңістіктерінің жаңаруына да ықпал етіп отыр.