Qazagstan Barysy Grand Slam турнирі: қазақстандық дзюдошылар тағы үш қола жүлдені жеңіп алды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада мәресіне жеткен Qazagstan Barysy Grand Slam турнирінде Ислам Бозбаев, Ақерке Рамазанова және Ғалымжан Қырықбай қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Жарыстың соңғы күні қос қазақстандық, 34 жастағы Ислам Бозбаев пен одан 12 жасқа кішілігі бар Бекарыс Сәдуақас 100 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін татамиге шықты. Бұл бәсекеде тәжірибесі мол И. Бозбаев бір минут өтер-өтпесте қарсыласын иппон әдісімен таза жеңді.

Әйелдер арасында Ақерке Рамазанова (+78 кг) Нидерланд спортшысы Карен Стивенсонмен қола медаль тағдырын шешті. Әлемдік рейтингте нидерландылық дзюдошы 22-орында болса, 22 жастағы Ақерке 54-сатыда еді. Қазақстандық спортшы бір минутқа жеткізбей, К.Стивенсонды таза ұтты. Бұл - А. Рамазанованың Grand Slam турниріндегі алғашқы медалі.

Тағы бір қазақстандық Ғалымжан Қырықбай 100 келіден астам салмақта грузиялық Саба Инанейшвилимен белдесті. Екі балуан да бұған дейін Grand Slam жарысында қола алған еді. Ғалымжан әдемі әдіс қолданып, С. Инанейшвилидің жауырынын жерге тигізді.
Осылайша, Қазақстан дзюдо құрамасы Qazagstan Barysy Grand Slam додасын 1 алтын, 1 күміс және 5 қола медальмен аяқтады.

Жарыс нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жеңімпаз-жүлдегерлер арасында әлемдік және олимпиадалық рейтингтерде ұпайлар бөлінеді. Атап айтқанда, чемпиондарға 1000, 2 орын үшін – 700, ал қола жүлдегерге 500 ұпай беріледі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Qazagstan Barysy Grand Slam турнирінде Қазақстан қоржынына қос қола медаль түскенін жазған болатынбыз.

Qazagstan Barysy Grand Slam турнирінде төрт қазақстандық қола медаль үшін татамиге шығатыны хабарланды.


Соңғы жаңалықтар