Qazaq Bubble: Ғылымды қазақ тілінде сөйлеткен жоба

АСТАНА. KAZINFORM — Ғылым күрделі емес. Оны дұрыс әрі қызықты жеткізе білсең болғаны. Осы қағиданы ұстанған Qazaq Bubble жобасы биыл 5 жылдық мерейтойын атап өтпек.

Qazaq Bubble: Ғылымды қазақ тілінде сөйлеткен жоба
Фото: instagram.com/qazaqbubble

Қазақ тіліндегі танымдық контент әзірлейтін бұл жоба бүгінде әлеуметтік желілердегі жүз мыңдаған жастардың сұранысына ие.

Жобаның авторы, лингвист Бейбарыс Сейтақ ғылымды қалай креативті тілмен «сөйлетіп» жүргендерін баяндап берді.

— Мен лингвистпін. Ал әріптесім Гүлнұр — химик-инженер. Жобаның тағы бір мүшесі — зайырлы дінтанушы. Мамандығымыз әртүрлі болған соң, әртүрлі ғылым салаларын қамтимыз. Мен лингвист болғандықтан, адамдар лингвистиканың не екенін түсінбейтініне бұрын налып, ренжитін едім. Содан адамдарға ғылымды жеңіл тілмен жеткізіп, түсіндіретін жоба ашайық деген идея келді, — дейді Qazaq Bubble жобасының авторы Бейбарыс Сейтақ.

Жобада жұмыс істейтін құрам әрбір ақпаратты тексеріп, дұрыстығына көз жеткізген соң ғана оқырман назарына ұсынатындарын айтады.

— Біз бастапқыда жобаны Instagram парақшасында ғана жүргізетінбіз. Алғашында мәтіндік посттар салатынбыз. Лингвистика туралы жазып жүрдік, кейіннен жалпы ғылым салаларын да қамти бастадық. 2024 жылдың басынан бастап reels форматында видеолар шығара бастадық. Біз барлық ғылым саласын қамтуға тырысамыз. Соның ішінде fact-check-ке де көп көңіл бөлеміз. Мысалы, биология тақырыбын қозғайтын болсақ, оны таныс биолог маманмен ақылдасып әзірлейміз. Сонымен қатар үшінші мүшеміз — зайырлы дінтанушы. Ол дін тарихы туралы материалдар дайындайды. Оның зерттеу аясында жалпы діннен бөлек мифология, адамзаттың антропологиялық тарихы да қамтылады, — дейді жоба авторы.

Qazaq Bubble-дың кең көлемдегі ғылыми контенттерін YouTube платформасынан да көре аласыздар.

— Instagram-да қысқа ақпараттармен бөлісеміз. Ал YouTube-та 20–30 минуттық видеоларды жүктейміз. Адамдар YouTube-ты қосып қойып, тамақтанып отырып-ақ видеоларымызды көре алады. Видеоларымызды видео-эссе немесе деректі фильм форматына жатқызуға болады. Ғылыми бір тақырыпты жан-жақты талдап, түрлі графика, арнайы эффектілер, ерекше сценарий көмегімен көрерменге жеткіземіз. Бұған дейін атом энергетикасы, уақыт, адамның биологиялық ырғақтары, әйел теңдігі сынды тақырыптарды талдадық. Соңғы видеомыз — әйел теңдігі туралы. Онда бұл ұғымның Қазақстандағы тарихы, экономикадағы маңызы мен рөлі қамтылды. Видеоларды дайындауға қажетті қаражатты серіктестеріміз арқылы табуға тырысамыз. Кей компаниялар да өз ықыластарын білдіріп, қолдау көрсетіп жатады, — дейді Qazaq Bubble негізін қалаушы.

Бейбарыс Сейтақ контент әзірлеуде идеяны қайдан алатындарын бөлісті.

— Материалдарды дайындау кезінде сұранысқа міндетті түрде мән береміз. Өйткені интернетке қандай да бір дүние салсаң, адамдар ең бірінші «бұл ақпарат маған не береді?» деген тұрғыдан қарайды. Сондықтан ақпаратты адамдардың өзіне қандай қатысы бар екенін көрсетіп, қазақпен, Қазақстанмен немесе өзекті жаңалықтармен байланыстыра жеткізуге тырысамыз, — дейді ол.

Жоба мүшелерінің айтуынша, олар бұл парақшаларды жан ләззаты үшін жүргізеді.

— Біздің жоба мүшелерінде кәсіпкерлік қабілет жоқ. Біз бұл жобаны тек жан ләззаты үшін ғана аштық. Жоба мүшелерінің жеке жұмыстары бар. Мысалы, мен университетте жұмыс істеймін. Бұл жобаны қоғамға пайдамызды тигізу үшін және өзіміз осы істі жақсы көргендіктен жүргізіп келеміз. Десе де, қазір біздің тұрақты серіктестеріміз бар. Біз олармен серіктестік аясында контенттер түсіреміз. Қазақша дубляжбен айналысатын компаниялармен, жеткізу қызметін ұсынатын кәсіпорындармен бірлесе жұмыс істейміз. Серіктес таңдағанда ең алдымен олардың беделі мен миссиясына, құндылықтарының бізбен сәйкестігіне қатты мән береміз, — дейді Бейбарыс Сейтақ.

Qazaq Bubble жобасының авторы ғылым қазақ тілінде сөйлеу керек деп есептейді.

— Қазақ жастарының ғылымға деген қызығушылығы өте жоғары деңгейде. Сұраныс бар деп ойлаймын. Кей компаниялар қазақша контентті қолдаймыз дегенде, тар шеңберде ойланып қалады — міндетті түрде ою-өрнек пен киіз үй болу керек деп ойлайды. Бұл — креативті көзқарастың жетіспеуі. Олар қазіргі Қазақстанның негізгі нарығына айналған демографиялық топ — жастар екенін ескермейді. Ал жастардың көбі бұл әлемді тануға, зерттеуге құмар. Біз ғылым қазақ тілінде сөйлеуі керек деп есептейміз, — дейді лингвист.

Айта кетейік, Jibek Joly» телеарнасы Қазақстандағы алғашқы жобаны жүзеге асырып, мультфильмдерді қазақша сурдо-аудармаға автоматтандырды.

Соңғы жаңалықтар