Qazaq Oil жанармай құю бекеті бензинді мөлшерден аз құйып келген
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда Qazaq Oil жанармай құю станциясына жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, бірқатар былықтың беті ашылды.

Техникалық реттеу және метрология комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментіне бұл тексерісті жүргізуіге Петропавл тұрғынының шағымы негіз болған.
Сауда және интеграция министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, «PetroRetail» ЖШС-нің Qazaq Oil жанармай құю станциясында жүргізілген тексеру кезінде 20 литрлік М2р-20 өлшеуіш арқылы жанармай таратқыш колонкалардан құйылатын жанармайдың көлемі өлшеніп, рұқсат етілген шектен ауытқушылық бары дәлелденді.
Рұқсат етілген ауытқу ±80 мл болуы тиіс болса, №1 колонкада 120 мл, №4 колонкада 140 мл кем құйылған. Бұл – қолданыстағы метрологиялық талаптарды бұзу болып есептеледі.
- Мемлекеттік реттеуге жататын өлшемдер тізбесінде және нормативтік құқықтық актілерде белгіленген өлшемдерге, өлшеу құралдарына, стандартты үлгілерге, өлшемдерді орындау әдістемелеріне қойылатын міндетті метрологиялық талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілік көзделген, - делінген баспасөз хабарламасында.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорынға 1 млн 179 мың теңге көлемінде қысқартылған әкімшілік іс жүргізу аясында айыппұл салынды. Сонымен қатар, заңбұзушылықты жою жөнінде ұйғарым беріліп, ол белгіленген мерзімде орындалды. Яғни жабдыққа қосымша реттеу және жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілді.
Бұған дейін Қытайлар көлік орнына велосипед мініп, күніне 6,6 млн литр бензин үнемдеп отырғанын жазған едік.