QazaqGaz және Теңізшевройл газ жеткізу туралы ұзақ мерзімді келісімге қол қойды

АСТАНА. KAZINFORM – «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов пен «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) бас директоры Кевин Лайон тауарлық газды сатып алу-сату туралы ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойды. 

QazaqGaz және Теңізшевройл ұзақ мерзімді газ жеткізу туралы келісімге қол қойды
Фото: «QazaqGaz» ҰК» АҚ

Қол қойылған құжат Қазақстанның ішкі нарығына тауарлық газдың тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етуге және ұлттық компания мен мұнай-газ саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. 

– Экономиканың дамуы ішкі нарықта тауарлық газды тұтынудың айтарлықтай өсуіне әкелді. QazaqGaz үшін халық пен отандық кәсіпорындарды газбен тұрақты қамтамасыз ету басымдық болып қала бермек. Біздің ұзақ мерзімді серіктесіміз «Теңізшевройлмен» сатып алу-сату келісіміне қол қою Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен мүмкін болды. Бұл келісім елімізде тауарлық газ ресурсының, газды қайта өңдеу көлемінің артуына және газдың тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етуге ықпал етеді, - деп атап өтті «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов.

QazaqGaz және Теңізшевройл ұзақ мерзімді газ жеткізу туралы келісімге қол қойды
Фото: «QazaqGaz» ҰК» АҚ

ТШО компаниясы ішкі нарыққа тауарлық газдың ірі жеткізушісі болып қала береді және ел үшін осы маңызды стратегиялық салада әлеуетті мүмкіндіктерді зерттеу үшін Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастырады. 

– Бұл келісімге қол қою арқылы ТШО Қазақстан Республикасына елдің өсіп келе жатқан газ қажеттіліктерін қамтамасыз етуде көмек көрсетуге дайын екенін көрсетеді. QazaqGaz компаниясына осы ел үшін маңызды келісімге қол жеткізу үшін ТШО-мен бірлесіп атқарған елеулі жұмысы үшін алғысымды білдіремін, - деді ТШО бас директоры Кевин Лайон.

«QazaqGaz» ҰК» АҚ
Фото: «QazaqGaz» ҰК» АҚ
Соңғы жаңалықтар