QazaqGeo экспедициясы Арал теңізінің экологиялық ахуалын зерттеуге аттанбақ

QazaqGeo экспедициясы Арал теңізінің экологиялық ахуалын зерттеуге аттанбақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның «QazaqGeo» ұлттық географиялық қоғамы 15-25 маусым аралығында «Ұлытау-Арал» зерттеу экспедициясын ұйымдастырады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында экспедиция жетекшісі, QazaqGeo директорының ғылыми және халықаралық жобалар бойынша орынбасары Сәулет Сәкенов мәлім етті.
«Негізгі мақсатымыз - Аралдың гидробиологиялық жағдайына талдау жасау, елдің орталығынан Аралға қарай туристік маршруттарды салу. Сонымен қатар сол аймақта «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» тасжолы салынуда. Сол жолмен жүріп өтетін әр адам Арал теңізіне қарай шығып, адамзат қолымен жасалған ең алапат экологиялық апаттардың бірін көре алады. Үшінші мақсатымыз - геоақпараттық зерттеу. Біз сол аймақтың шөлейттену процесін талдайтын боламыз», - деді С.Сәкенов.
Экспедицияның жалпы қашықтығы 4500 шақырымды құрамақ. Ол: Астана - Жезқазған - Байқоңыр - Қоскөл - Сексеуіл (жаңа грейдер үстімен) - Арал - Қаратерең - Арал-Асар қалашығы мен Кердері мазары - Барсакелмес қорығы - Қаскақұлан - Жанкент қалашығы - Қазалы - Байқоңыр ғарыш айлағы - Қорқыт-Ата - Жусалы - Қалмаққырған өзені бойымен - Жезқазған - Астана маршруты бойынша өтетін болады.
«Біздің жаңа мақсатымыз бірі Арал теңізінің экожүйесін зерттеу. Біздің алдымызда екі міндет бар: Арал теңізі экожүйесінің биоалуандылығын бағалау. Себебі осы мәселе бойынша ақпарат пен мәліметтер жетіспейді. Әсірісе теңіздің қазақстандық бөлігіне қатысты. Екіншісі - Арал теңізінің экожүйесіне антропогендік ықпалды бағалау. Оның ішінде солтүстік Аралды қалпына келтіру шараларының әсері зерттеледі. Биотикалық бөліктерді зерттемейінше, Арал теңізін қалпына келтіру шаралары қаншалықты тиімді және оң әсер бергенін біз бағалай алмаймыз», - дейді экспедиция мүшесі, флуоресцентті әдістемелер зертханасының басшысы Дмитрий Малашенков.
Оның сөзіне қарағанда, Арал теңізі экожүйесіне келтіріліп жатқан әсерлерді зерттеуге көпжылдық негіз бола алатын бірқатар маңызды сынамалар алынады.
Сонымен қатар бұл ғылыми сапар барысында тарихи маңызға ие, алайда туристік әлеуеті бағаланбай келе жатқан Ұлытаудың оңтүстігі де жіті зерттелмек. Бұл аймақ туристік маршруттарға қосылмаған.
«Біздің негізгі экспедициямыз 20 адамнан құралып отыр. Жолға бес көлікпен шығамыз, сондай-ақ бізге еріктілер де қосылды. 2-3 көлік Аралда бізді жетіп алады. Олардың өздерінің туристік және өзге де зерттеу жобалары бар. Негізінен біздің топта жердің шөлге айналуын зерттейтін ғалымдар, биологтар, су биологтары, гидрологтар және тағы басқа ғалымдар бар. Біз солтүстік Аралды сумен толтыру үшін салынған Көкарал бөгетіне баруды жоспарлап отырмыз. Ол жерден сынамалар алып, экожүйенің қаншалықты қалпына келіп жатқанын саралаймыз», - деп атап өтті С.Сакенов.
QazaqGeo бұл сапарға шамамен 1,4 млн теңге кетеді деп отыр.
«Біз коммерциялық емес ұйым болғандықтан, бюджетіміз жоқ, қуанышқа орай, біздің бастаманы ERG, Қазақмыс пен KAZMinerals компаниялары ақшалай қолдады», - дейді сапар жетекшісі.
ҚазАқпарат, Астана
-0-
Жасұлан Жолдыбаев