Qazaqstan Barysy Grand Slam: Қазақстан құрамасы жарысты 7 медальмен қорытындылады

Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, қазақстандықтар 1 алтын, 1 күміс, 5 қола медальмен 42 елдің арасында жалпыкомандалық есепте 4-орынға ие болды.
«Керемет сезімдемін, өз елімізде өтіп жатқан байрақты жарыста алтынға қол жеткізу – маңдайыма жазылған бақыт шығар. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Голден скор сегіз минутқа созылса да, шаршағаным сезілмеді. Қарсыласыммен бір-біріміздің қыр-сырымызды біліп, әбден намысқа салып күрестік. Өз елімізде өтетін жарысқа психологиялық тұрғыда жақсы дайын болдым. Мені қолдаған барша қазақ еліне алғысым шексіз», - деді өз сұхбатында чемпион атанған Мағжан Шамшадин.


Ғалия Тынбаева (-48кг), Жансай Смағұлов (-73 кг) және Бекарыс Сәдуақас (-100кг) кіші финалға дейін жетіп, 5-орынға тұрақтады.


Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Жіткеев әлемдік жарыстың ұйымдастырылуын халықаралық мамандар жоғары бағалағанын атап өтті.
«Qazaqstan barysy Grand Slam додасы Халықаралық дзюдо федерациясы тарапынан жоғары баға алды. Мұнда тек спортшылар емес, дзюдо спортының айналасында жүрген әрбір менеджер тәжірибе алып үлгерді. Біз осы уақытқа дейін Азия және әлем чемпионаттарын, Гран-при және Masters жарыстарын, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігін өткізгенбіз. Енді тәжірибемізге әлемдік Grand Slam бәсекесі қосылды. Әлемдік жарыс аяқталғаннан кейін біз бірнеше командамен бірге халықаралық оқу-жаттығу лагерін өткіземіз. Онда тек ұлттық құрама спортшылары ғана емес, жастар құрамасының өкілдері де қатысып, шетелдік спортшылармен бірге жаттығу мүмкіндігіне ие болады. Спортшылар мен бапкерлерге, демеушілеріміз бен серіктестерімізге, осы жарысты ұйымдастыруға атсалысқан спорт саласының қызметкерлеріне, менеджерлерге, медицина мамандарына, еріктілерге, әрбір маманға бас иіп, алғысымды білдіремін. Барлығымыздың жұмыла жасаған жұмысымыздың жемісін көріп отырмыз», - деді бас хатшы А. Жіткеев.


Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне «Qazaqstan barysy Grand Slam» атауымен енген бұл жарысқа барлығы 42 елден 340 спортшы қатысты. Бұл доданың нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында әлемдік және олимпиадалық рейтингтерде ұпайлар бөлінді. Атап айтқанда, чемпиондарға 1000, күміс жүлдегерге – 700, ал 3 орын үшін 500 ұпайдан берілді.
Qazaqstan barysy Grand Slam турнирінде дзюдошылар 2024 жылы Парижде өтетін жазғы олимпиада ойындарына қатысу үшін ұпай жинады.
Қазақстан дзюдо федерациясы мен Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) екіжақты келісімшартына сәйкес еліміз әлемдік Grand Slam жарысын 2023-2026 жылдар аралығында қабылдайды.