Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінің алғашқы жүлдегерлері марапатталды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада өтіп жатқан дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam 2026 халықаралық турнирінде алғашқы жүлдегерлер анықталды. Финалдық белдесулерді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов тамашалап, әйелдер арасындағы 48 келі салмақ дәрежесінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.
Аталған салмақта Нидерланд спортшысы Амбер Герсжес финалда моңғолиялық Нарансетсег Ганбаатар спортшысын жеңіп, алтын медальді иеленді. Қола жүлде италиялық Франческа Милани мен ресейлік Кристина Дудина спортшыларға бұйырды.
Айта кетейік, 8–10 мамыр күндері аралығында ұйымдастырылып жатқан Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі Қазақстанда төртінші мәрте өтіп жатыр. Байрақты бәсеке Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы кешенінде ұйымдастырылған.
Министрлік мәліметінше, биылғы додаға әлемнің 39 елінен 300-ден астам спортшы қатысып, татамиде өзара мықтыны анықтап жатыр. Турнир барысында Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем чемпиондары, сондай-ақ әлемдік рейтинг көшбасшылары белдесіп жатыр.
Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі Халықаралық дзюдо федерациясының ресми күнтізбесіне енген және Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңіндегі маңызды рейтингтік жарыстардың бірі саналады.
Халықаралық турнир алдағы күндері де жалғасып, жанкүйерлерге тартысты белдесулер сыйламақ.
Астанада дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam 2026 басталғанын жазған едік.
Әзірге Қазақстан қоржынына екі жүлде түсті. Шерзод Давлатов Астанадағы Grand Slam турнирінің қола жүлдесін иеленді. Ал Талғат Орынбасар екінші жыл қатарынан Qazaqstan Barysy Grand Slam-ның күміс жүлдесін алды.