Жыл соңында банкаралық бірыңғай QR-код жүйесі іске қосылады – Ұлттық банк
АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылдың соңында банктердің арасындағы төлемдер бірыңғай QR-код арқылы жасалады. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Елімізде QR кодтың ұлттық стандарты бар. Сол арқылы төлем жасауға арналған QR-код әзірлеудің бірыңғай әдіснамасы мен оларды әзірлеуге қажет деректеме жиынтығы айқындалады (2021 жылғы 13 тамыздағы 3712-2021 ҚР СТ)», - делінген хабарламада.
Ұлттық стандарт – QR-код әзірлеуге арналған ереже жиынтығы. Ал QR код арқылы төлем жүргізу (транзакцияларды өңдеу) банкішілік жүйелерде де, банкаралық деңгейде де жүзеге асырылады.
«Қазір бірқатар банк банкішілік деңгейде QR-код арқылы төлем жүргізу қызметін ұсынып отыр. Ал банкаралық төлемге арналған QR-код қызметін 2024 жылдың аяғында іске қосу жоспарда бар», - дейді Ұлттық банктен.