10:34, 29 Қазан 2009 | GMT +5
Р. Байкенова Ассамблея сессиясында Елбасының құрмет грамотасымен марапатталды
ШЕТАУ. Қазанның 29-ы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ -Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 15-ші сессиясына қатысқан «Ақмола облысының мұсылман-әйелдер лигасы» қоғамдық ұйымының төрайымы Рауза Байкенова Елбасының Құрмет грамотасымен марапатталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Іссапардан оралған ол жерлестерімен кездесіп, алған әсерімен бөлісті. Айтулы салиқалы бас қосуға өңірден 16 адам қатысып, солардың ішінде өзі ерекше қошеметке бөленгенін бақыт санайды.
«Менің ойымша, биылғы жыл еліміз үшін аса қуанышты, нәтижелі болды деуге болады. Ұлттық бірлік доктринасы жобасында ұлтаралық қарым-қатынас және конфессияаралық байланыс, мемлекеттік тілді дамыту, 145 этнос пен 40 конфессия тату-тәтті өмір сүріп отырған еліміздің ынтымағын арттыруға бағытталған басымдықтар қарастырылған. Сессия барысында Қабарда-Балқар, Ресей меймандарының мағыналы сөзін ыстық ықыласпен тыңдадым. Алдағы күнде жерлестеріммен осы төңірегінде пікір алмасатын боламын», - дейді өз кезегінде Р. Байкенова.