Ірі шетелдік компаниялар қазақстандық қамтуды арттыруға мүдделі емес — депутат

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілісте «Қазақстанның мұнай-газ өндіруші компанияларында жергілікті қамтуды дамыту мәселелері» тақырыбында өткен жиында депутат Сергей Пономарёв қазақстандық қамтуға қатысты кен орнын пайдаланушыларды сынға алды. 

Сергей Пономарев
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— Қазір көптеген келісімшартта, яғни өнімді бөлу туралы келісімдерде немесе жетілдірілген үлгілік келісімшарттарда өнімге елішілік бағаның үлесін арттыру бойынша KPI енгізілді. Бұл ретте, бизнес отандық өндірісті дамытуды қолдауды және KPI-ді енгізуді жоспарлап отыр ма? Сонымен қатар, жергілікті қамту мақсаттарына жету үшін өндірістік блоктағы сатып алу ісімен айналысатын басшылардың жауапкершілігін белгілеу ескерілген бе? , — деп сұрады Сергей Пономарев.

Өз кезегінде Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров қолданыстағы шарттарда тауарлар мен қызметтер бойынша қазақстандық қамту жөнінде ең төменгі меже бекітілгенін айтты.

— Қазіргі уақытта жер қойнауын пайдаланушы қандай да бір өзгерістер енгізген сайын, біз оның деңгейін мүмкіндігінше біртіндеп көтеріп жатырмыз. Мәселен, тауарлар бойынша бұрын 15% болса, қазір оны 20% етіп белгілеп жатырмыз. Өйткені, Қазақстан бойынша тауарларға қатысты орташа көрсеткіш шамамен 20 пайыз. Ал қызметтер мен атқарылатын жұмыстарға қатысты ешқандай проблема жоқ, — деді вице-министр.

Ерлан Ақбаров жер қойнауын пайдаланушылардың басқарушы құрамына KPI енгізу туралы ұсыныс пысықталып жатқанын айтты. Энергетика министрлігі үш ірі компанияға осындай көрсеткіштерді белгілеу туралы ұсыныс хаттар жолдаған.

Осы орайда депутат Сергей Пономарев шетелдік компаниялардың іс-қимылына көңілі толмайтынын атап өтті.

— Біз ірі шетелдік компанияларды мұқият тыңдап шықтық. Олардың қазақстандық қамтуды арттыруға ешқандай мүддесі жоқ екенін байқадық. Ең көбі — 7-18 пайыз (тауар бойынша) шамасында. Олар осыған дейін Парламент Мәжілісінде өткен кездесуден кейін бұл жұмыстарды жүзеге асыру қажет екенін түсінді. Ал бүгінгі отырыс барысында бизнес өкілдері қазақстандық қамтуды арттыруға ниет танытып отыр. Сондықтан, енді қорытынды жасап, бұл жұмысты жетілдіріп, күшейту керек, — деді Мәжіліс депутаты.

Еске салсақ, мұнай-газ секторында қазақстандық қамтуды дамыту бағытында министрлік жаңа тетіктер енгізуді жоспарлап отырғанын жазған едік

Соңғы жаңалықтар