Р.Т. Эрдоған жемқорлық дауына байланысты Түркияның Премьер-Министрі лауазымынан бас тартпайтынын мәлімдеді

Кеше Ыстамбұлдың Таксим алаңында үкіметке қарсы наразылық акциясы өтті. Оған қатысушылар «Ұрыны ұста!» деген ұранды желеулетіп, Р.Т.Эрдоғанды қызметінен кетуге шақырды. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ бен резеңке оқтар қолданды.
18 желтоқсан күні Түркия полициясы жемқорлыққа қатысты ауқымды шара өткізді. Ыстамбұл мен Анкарада 52 адам ұсталды, олардың арасында іскерлер мен кейбір министрлердің балалары болған. Бизнесмендерді жемқорлық, контрабанда және есірткі заттарын сатты деген айыппен қамауға алды. 25 желтоқсан күні қоршаған ортаны қорғау және урбанизация министрі Эрдоған Байрактар, Түркия ІІМ басшысы Муаммер Гюлер мен экономика министрі Зафер Чаглаян қызметтен кетуге өтініш білдірді. Осыған дейін тергеу барысында шенеуніктердің ұлдары ұсталған болатын. 26 желтоқсан күні Түркия президенті Абдулла Гүл елдің министрлер кабинетінің жаңа құрамын бекітті. Өзгерістер үкіметтің 10 ведомствосына қатысты болды. Оның ішінде жанжалға байланысты өз еріктерімен қызметінен кеткендер де бар.
Р.Т.Эрдоган министрлерге қарсы жүргізілген тергеуді оның үкіметін дискредитациялау үшін әдейі жасалған қастандық деп отыр. Премьер елдің «қастандықпен» ұшырасқанын және Түркияны тұтастығына нұқсан келтіргісі келетіндердің жазаланатынын айтты. ІІМ бірнеше жоғары шенді қызметкерлері орындарынан кетті.