РӘБИЯ СҰЛТАН БЕГІМ КЕСЕНЕСІ

Әмір Темірдің немересі, Ұлықбектің қызы, Әбілқайыр ханның әйелі, белгілі хандар Көкенші мен Сүйініштің анасы Рәбия Сұлтан Бегімге арнайы салдырған. Алғашында сегіз бұрышты бір камералы, цилиндр тәріздес барабанға бекітілген биік күмбезі бар құрылыс ретінде салынып, кейіннен көп камералы шаршы жоспарлы құрылыстармен толықтырылған. Кесене өте үлкен сәулеттік кешендердің бірі. Оның құрамына бес үлкен бөлме кіреді. Кесененің қас беті сүйір ұшты биік екі тірек аралығының доға тәрізді жабыны түрінде жасалған, сегіз бұрышты залы және осы залға жапсарлас салынған ұзынша келген тік бұрышты екі үй-жай бар. Кесененің айналасынан табылған майоликалық және жылтыратылған тақтайшаларға қарап, оның полихромды қаптамамен қапталғанын көруге болады. Кесененің оңтүстік-шығыс бөлігінде жерасты қабірханаға кіретін есік бар. Қабірхана сыланып, боялған. Онда терімен қапталған ағаш табыттар қойылған.
Рәбия Сұлтан Бегімнің табытында - «бұл құдыретті Әмір Темір Көрегеннің ұлы, азапты ажалдан қаза тапқан, құдыретті, ұлы сұлтан Ұлықбек Гураганның қызы, ақсүйек, (құдай) кешіріп, рақымшылық жасаған, ізгі жасанды Рәбия Сұлтан Бегімнің тыныштық тауып жатқан жері» деген жолдар бар.
Кесене түркістандық жергілікті сәулеттік дәстүр негізінде салынған алғашқы кесене ретінде өте маңызды. 1980 жылдан бастап қайтадан қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.
Дерек көзі:
Оңтүстік Қазақстан энциклопедиясы.