Радиациялық және биологиялық қорғау бөлімшелері ұрысқа жақындатылған жағдайда жаттықты

Жаттығуға 400-ден астам әскери қызметші және РХБҚ бөлімшелерінің 70-тен астам арнайы техникасы жұмылдырылды.
Тұрақты орналасу пунктерінен белгіленген ауданға бет алған әскерлер баратын бағыттары мен көрсетілген аумақтарға радиациялық, химиялық және биологиялық барлау жүргізді.
Бөлімшелер келген соң жергілікті жерлерге РХБ бақылау бекеттері қойылды.
Оқу-жаттығудың практикалық бөлімінде зақымдау жағдайындағы іс-қимыл тәртібі пысықталып, қару-жарақ пен әскери техника да арнайы өңделді.
Әскерлер шабуылдау әрекеттерін жүргізу кезінде нысандар аэрозольмен бүркемеленді, ал РХБҚ әскерлерінің реактивті жаяу әскер отшашқыш есептоптары шартты қарсыластың жұмыс күші мен техникасын жоюға қатысты.
Сондай-ақ, РХБҚ бөлімшелері ТЖМ аумақтық органдарымен бірлесіп техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою мәселелерін пысықтады.
«Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау – жауынгерлік қамтамасыз етудің бір түрі. Сондықтан, бөлімшелеріміздің қатысуынсыз іс жүзінде бірде-бір оқу-жаттығу өткізілмейді», – деп атап өтті Радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау және экологиялық қауіпсіздік әскерлері департаментінің бастығы полковник Ержан Құлмағамбетов.
Сонымен қатар, бұл әскер түрін жетілдіру ел Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «қос мақсаттағы» компоненттерді дамыту қажеттілігі туралы тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатқаны аталып өтті.
Бұған дейін теңіз жаяу әскерінің қала ішінде ұрыс жүргізу бойынша жаттығу өткізгені жазылған.