Теңіз жаяу әскері қала ішінде ұрыс жүргізу бойынша жаттықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ақтау гарнизонының «Оймаша» оқу-жаттығу полигонында елді мекендегі арнайы әскери іс-қимылға дайындалу және оны жүргізу бойынша жауынгерлік оқ атудан тактикалық оқу-жаттығу өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
None
None

Оқу-жаттығу жоспарына сәйкес, теңіз жаяу әскерінің бригадасына елді мекенді заңсыз қаруланған құрамалардан тазарту міндеті жүктелді. Барлау, танк, артиллерия, зениттік, инженерлік-саперлік бөлімшелерден, сондай-ақ армияның авиациялық топтары және ұшқышсыз ұшу аппараттарының есептоптарынан күшейтілген батальондық тактикалық топ құрылды. 400-ден астам әскери қызметші тартылып, 100-ге жуық қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылды.

Теңізшілер шартты жауынгерлік қолдану аймағына марш жасап, аймаққа тосқауыл қойды. Ұшқышсыз басқарылатын құрылғылармен жасалған үздіксіз барлау нәтижесі содырлардың күштері мен құралдарының жиналған жерін анықтауға мүмкіндік берді.

Содырлар берілуден бас тартқан соң, қолдағы бар қарумен олардың көзін жойды. Ал әскери қызметшілер елді мекеннің барлық нысандарына бақылау орнатты.

– Қаладағы ұрыс - жауынгерлік іс-қимылдың аса күрделі түрлерінің бірі. Сондықтан, ірі қалаларда, яғни адам көп шоғырланған ортада әрекет ету үшін әскерлерді даярлау жүйесін жетілдіреміз. Бұл оқу-жаттығуға қатысушылардың бәрі күрделі әрі тез өзгеретін жағдайда кәсіби іс-қимылдағы ептілігін көрсетті, - деп атап өтті теңіз жаяу әскерлері бригадасының командирі, подполковник Жаннұр Сатқынов.

Сондай-ақ, тактикалық оқу-жаттығу барысында Шекара қызметі мен Қарулы күштердің бөлімшелері банда құрамалары резервтерінің кіруіне жол бермеу үшін мемлекеттік шекараны күзетуді күшейтуге қатысты оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындады. Ұлттық ұлан мен полиция жақын маңдағы елді мекендерде соғыс жағдайында құқықтық режимді қолдау жөніндегі шараларды жүзеге асырды. Бұл шаралар теңіз жаяу әскерлерінің белгіленген жауапкершілік аймағында арнайы әскери іс-қимылды нәтижелі өткізуіне септігін тигізді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күштік құрылымдарды тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету, олардың жедел және әскери-техникалық үйлесімділігін жолға қою, сондай-ақ ведомствоаралық үйлестіруді күшейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында «Батыл тойтарыс-2022» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы 6 сәуірде басталған болатын.



Соңғы жаңалықтар