Радиоактивті қалдықтарды қорғау талаптары күшейтілді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда радиоактивті қалдықтарды сақтау және тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік талаптары нақтыланды.
Радиоактивті қалдықтарды және олармен жұмыс істеу объектілерін физикалық қорғау қағидалары Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің бұйрығымен бекітілді.
Жаңа қағидалар радиоактивті қалдықтарға рұқсатсыз қол жеткізудің, оларды ұрлаудың, алып қоюдың және ықтимал диверсиялардың алдын алуға бағытталған.
Құжатқа сәйкес, физикалық қорғау жүйесі төрт негізгі функцияны қамтиды. Олар — рұқсат етілмеген әрекеттердің алдын алу, мұндай әрекеттерді немесе олардың белгілерін уақтылы анықтау, бұзушылардың әрекетін кідірту және тиісті ден қою шараларын жүзеге асыру.
Сонымен қатар радиоактивті қалдықтардың үлестік активтілігіне қарай физикалық қорғаудың үш деңгейі белгіленді.
Атап айтқанда, «А» деңгейі активтілігі жоғары радиоактивті қалдықтарға қолданылады. Ол рұқсатсыз қол жеткізудің, ұрлаудың, басып алудың және диверсияның алдын алуды, сондай-ақ ықтимал диверсияның радиологиялық салдарын барынша азайтуды көздейді.
«В» деңгейі активтілігі орташа қалдықтарға қатысты белгіленіп, оларға заңсыз қол жеткізу, алып қою, ұрлау, басып алу және диверсия жасау мүмкіндігін барынша төмендетуге бағытталған.
Ал «С» деңгейі активтілігі төмен радиоактивті қалдықтарды қорғауға арналған. Бұл деңгей рұқсатсыз қол жеткізу, алып қою және ұрлау қаупін азайтуды көздейді.
Қағидаларда радиоактивті қалдықтарды тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік талаптары да қамтылған. Бұл ретте физикалық қорғау деңгейі тасымалданатын барлық қалдықтың жиынтық активтілігі ескеріле отырып, ең жоғары деңгей бойынша айқындалады. Талаптар қалдықтар бір көлік құралына шоғырланған жағдайда да, бірнеше автомобильден құралған колоннамен, вагондардан тұратын эшелонмен немесе кеменің бірнеше бөлігінде тасымалданған кезде де қолданылады.
Бұдан бөлек, рұқсатсыз қол жеткізу, ұрлау, басып алу немесе диверсия салдарынан радиоактивті қалдықтардың жоғалуы не осындай әрекеттерге оқталу фактілері анықталған жағдайда, жауапты жеке және заңды тұлғалар бірқатар міндетті шараларды орындауға тиіс.
Олар алдымен жағдайды түзету үшін шұғыл шаралар қабылдауы керек. Сонымен қатар бір сағат ішінде уәкілетті орган мен мүдделі мемлекеттік органдарды хабардар етуі қажет.
Оқиғаның себептері, мән-жайлары мен салдары 72 сағат ішінде тергеп-тексерілуге тиіс. Ал бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға қабылданған немесе жоспарланған түзету шаралары көрсетілген есеп ұсынылуы қажет.
Айта кетейік, Қазақстан радиоактивті қалдықтарды басқаруда Швейцария тәжірибесін қолдануы мүмкін.