Радиожурналистің басты қаруы – дауысы мен көңіл күйі

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін – Дүниежүзілік радио күні. Технологиялар қарыштап дамыған заманда да радио өзінің жеделдігі мен ерекше тартымдылығын жоғалтқан жоқ. Осы айтулы мерекеде «Jibek Joly» радиосының жүргізушісі Гүлназ Аманғали кәсіби жолы, радионың телеарнадан айырмашылығы және эфир сыртындағы қызықтарын бөлісті.

Гүлназ Аманғали
Фото: видеодан алынған кадр

Радионың телеарнадан басты айырмашылығы – оның жеделдігінде. Егер теледидарда монтаж бен арнайы дайындыққа уақыт кетсе, радиода ақпаратты сол сәтте-ақ халыққа жеткізуге болады. Гүлназдың айтуынша, радиожурналистің басты қаруы – оның дауысы мен көңіл күйі.

– Журналистің көңіл күйі міндетті түрде тыңдарманға жетеді. Эфирге жақсы эмоциямен шығу – біздің басты міндетіміз. 2014 жылы оқуымды аяқтағанда, тағдыр мені Астана радиосына (қазіргі Jibek Joly) жастар практикасымен алып келді. Содан бері бұл қара шаңырақ менің екінші үйіме айналды. Тіпті, жан жарымды да осы жерден кездестіріп, бүгінде екі баланың анасымын. Сондықтан радио – менің өмірімнің ажырамас бөлігі, – дейді Гүлназ Аманғали Jibek Joly телеарнасының Bugin LIVE бағдарламасында.

Jibek Joly радиосы Президент телерадиокешенінің құрамында болғандықтан, мемлекеттік маңызы бар ақпараттарды дер кезінде жылдам әрі байыпты үнмен таратуды талап етеді.

– Кейде маңызды ақпараттар кеш түсіп жатады. Соны тез монтаждап, эфирге жүгіріп келетін кездер болады. Мұндайда ең бастысы – аптықпау. Жүректі басып, «мен дайынмын» деп эфирді бастау керек, өйткені тыңдарман сенің қобалжығаныңды дауыс ырғағыңнан бірден сезеді. Дауыс – біздің қаруымыз. Сондықтан суық ішпей, дауысты әрдайым баптау, күнделікті жаттығу жасау – біздің кәсіби әдетіміз, – дейді жүргізуші.

Jibek Joly радиосы өткен жылдың 1 мамырында ашылғанына қарамастан, қазірдің өзінде тыңдарманның ыстық ықыласына бөленіп үлгерді. Таңғы 7-ден түнгі 1-ге дейін ақпарат тарататын толқында саяси ток-шоулардан бастап, көңілді ойын-сауық бағдарламаларына дейін бар.

– Бізде әр сағат сайын жаңалықтар тарайды. «Wake Up» таңғы шоуымен жұртты оятсақ, «Сіз бен біз» бағдарламасында тыңдарманмен тығыз кері байланыс орнатамыз. Ал кешкісін «Өзіміз отырып шәй ішейік» бағдарламасымен халықты кешкі ерекше көңіл күйге бөлейміз. Болашақ радиожурналистерге айтарым: ізденіңіздер, оқыңыздар және ең бастысы – микрофоннан қорықпаңыздар! – деп түйіндеді Гүлназ Аманғали.

Бұған дейін Бейжіңдегі қазақ радиосының хабар таратқанына 54 жыл болғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар